Қазақстанда жойылып кету қаупі бар жануарларды тіркеу ережелері бекітілді
Жаңа қағидалар 2026 жылғы 8 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.
Экология және табиғи ресурстар министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 31 тамыздағы бұйрығымен тұтқында және жартылай еркін жағдайда өсірілген, жойылып кету қаупі төнген жануарларды тіркеу қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құжат халықаралық сауда нысаны бола алатын және Жабайы фауна мен флораның жойылып кету қаупі төнген түрлерімен халықаралық сауда жасау туралы конвенцияның (CITES) І қосымшасына енгізілген жануарларды тіркеу тәртібін айқындайды.
Жануарларды тіркеу үшін өтініш беріледі
Қағидаларға сәйкес, өтініш беруші әкімшілік органға тұтқында немесе жартылай еркін жағдайда өсірілген жойылып кету қаупі бар жануарларды тіркеу туралы өтініш ұсынуы тиіс.
Өтінішке мына құжаттардың көшірмелері қоса тіркеледі:
- заңды тұлға үшін – құрылтай құжаттары және мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
- жеке кәсіпкер үшін – мемлекеттік тіркеу туралы куәлік;
- жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжат;
- жануардың шығу тегін растайтын құжаттар (сатып алу-сату шарты, жануарлар дүниесін пайдалану рұқсаты, Қазақстанға әкелуге берілген рұқсат және басқа да қажетті құжаттар).
Төлдерін тіркеу кезінде қосымша мәліметтер қажет
Егер бұрын тіркелген жануарлардан төл алынған болса, өтінішке:
- ата-анасының тіркеу куәлігінің көшірмесі;
- төлдің туған күні, саны, жасы және жынысы туралы мәлімет;
- төлдің осы түрге жататынын растайтын фотосуреттер;
- әрбір жануардың жеке сәйкестендіруі туралы мәлімет қоса беріледі.
Әрбір жануар міндетті түрде сәйкестендіріледі
Жануарларды жеке сәйкестендіру микрочип, алынбайтын сақина немесе бірегей сериялық нөмірі бар арнайы белгі (бирка) арқылы жүргізіледі.
Егер жануардың жасы, көлемі немесе биологиялық ерекшеліктеріне байланысты сәйкестендіруді бірден жүргізу мүмкін болмаса, өтініште оның себебі көрсетіледі.
Бұл жағдайда фотоматериалдар мен жануардың ерекше белгілерінің сипаттамасы ұсынылады, алайда олар жеке сәйкестендірудің орнын алмастырмайды.
Төлдерге жүргізілген сәйкестендіру туралы мәліметтер оларды басқа адамға беру немесе иеліктен шығару алдында әкімшілік органға ұсынылуы тиіс.
Өтініш үш жұмыс күні ішінде қаралады
Әкімшілік орган өтініш пен қоса берілген құжаттарды қарап, үш жұмыс күні ішінде жануарларды тіркеу туралы куәлік береді немесе құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда тіркеуден бас тарту туралы дәлелді жазбаша жауап жолдайды.
Тіркеу туралы шешімге шағымдануға болады
Тіркеу куәлігі әкімшілік органның ресми бланкісінде рәсімделіп, өтініш берушіге немесе оның өкіліне беріледі. Сондай-ақ, берілген куәлік туралы мәлімет арнайы тіркеу журналына енгізіледі.
Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік органның немесе оның лауазымды тұлғаларының әрекетіне (не әрекетсіздігіне) сотқа дейінгі әкімшілік тәртіппен шағымдануға құқылы.
Жаңа қағидалар 2026 жылғы 8 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.