Қазақстанда мектеп психологтарының жалақысын көтеру жоспарланып отыр
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік педагогтың жалақысы 118 мың теңгені құрайды.
Қазақстанда мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың жалақысын арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің айтуынша, бұл мамандардың еңбекақысы Үкіметтің №1193 қаулысымен реттеледі. Министрлік бюджетті қалыптастыру кезінде төлемдерді өзгерту туралы бірнеше рет ұсыныс енгізген. Алайда бұл үшін 20 мемлекеттік органның келісімі және Қаржы министрлігінің ұстанымы қажет.
Әлеуметтік педагогтар қазір қанша жалақы алады?
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік педагогтың жалақысы 118 мың теңгені құрайды.
«Бұл – жүйелі мәселе және ол экономикалық мүмкіндіктерге, яғни қанша қаражат бөлінетініне байланысты», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ол әлеуметтік педагогтардың еңбекақысын арттыру мәселесі Оқу-ағарту министрлігі үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Мектеп психологтарының жалақысы да өседі
Биыл мектептерде «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізілді. Бұл сабақты педагог-психологтар жүргізеді.
Ол үшін мамандардың балалармен жұмыс істеу және сабақ өткізу тәжірибесі болуы қажет. Психологтарға қосымша сағаттар берілетіндіктен, олардың жұмыс жүктемесі де артады. Соған сәйкес жалақысының өсуі де күтіледі.
Инклюзия үшін берілетін қосымша ақы көбейеді
Қазақстанда инклюзивті білім беру саласындағы жұмыс үшін төленетін қосымша ақыны да арттыру жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта бұл төлем 18 мың теңгені құрайды. Министрдің айтуынша, биыл ведомство инклюзивті білім беруді дамыту стратегиясына өзгерістер енгізіп, қосымша төлемді арттыруды қарастырған.
Нақты сома бюджет қалыптастыру кезінде белгілі болады
Қосымша төлемнің нақты мөлшері келесі қаржы жылына арналған бюджетті қалыптастыру кезінде Қаржы министрлігімен келісілгеннен кейін анықталады.