$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Білім

Астана оқулықтарда әлі Нұр-Сұлтан деп жазылған: қате қашан түзетіледі

Астана атауындағы қате төрт жыл бойы түзетілмей келеді

Қазақстан тарихы пәнінің 11-сыныпқа арналған оқулықтарында ел астанасы әлі күнге дейін Нұр-Сұлтан деп көрсетілген. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл деректің қате екенін мойындады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқулық келесі жылы қайта басылады

Бұған дейін әлеуметтік желіде оқушылар Қазақстан тарихы оқулығының суреттерін жариялаған еді. Ондағы мәтінде 2022 жылы қайтадан Астана атауы берілген елорда әлі Нұр-Сұлтан деп жазылған.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, қате оқулық қайта басылған кезде ғана түзетіледі. Жаңартылған басылым 2027 жылы жарық көреді деп жоспарланып отыр. Оған дейін мұғалімдерге осы тақырып бойынша жеке оқу бағдарламасы, сабақ жоспарлары мен қосымша материалдар ұсынылады.

16 пәннен 700 қате табылған

Министр оқулықтарды тексеру барысында барлығы 700 қате анықталғанын мәлімдеді. Олар 16 пән бойынша шығарылған оқу құралдарынан табылған.

«Бұл ақпаратты Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне де жеткіздік. Өйткені былтыр қаражат бөлінгенімен, осы қателер сол күйінде қалған. Сондықтан бұл – жүйелі мәселе. Министрлік аталған баспалармен және оқулық авторларымен жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл қателер 16 пәннің барлығында кездеседі», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осылайша, оқулықтарды түзетуге бұған дейін қаржы бөлінгенімен, анықталған олқылықтардың жойылмауы құзырлы органның назарына жеткізілген. Енді министрлік баспалар мен авторлардың жауапкершілігін жеке қарастырмақ.

Back to top button