$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Білім

Назарбаев мектептерінде оқу мерзімін қысқарту көзделіп отыр

Оқу-ағарту министрлігі Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімін 12 жылдан 11 жылға дейін қысқарту мәселесін қарастырып жатыр. Осы мәселе бойынша НЗМ-нің білім беру бағдарламасын талдайтын арнайы комиссия құрылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

12-сынып бағдарламасы қайта қаралады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, НЗМ-дегі 12-сынып бағдарламасы негізінен оқушыларды жоғары оқу орындарына, соның ішінде шетелдік университеттерге түсуге дайындайтын қосымша курстардан тұрады.

Министрлік осы бағдарламаларды 11-сыныпқа біріктіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Мұндай өзгеріс енгізілсе, НЗМ оқушылары қазіргі оқу бағдарламасын 12 жыл емес, 11 жыл ішінде толық меңгере алады.

«12-сыныпта оқытылатын бағдарламалардың барлығын біріктіріп, 11-сыныптың бағдарламасына енгізуге болады. Сондықтан қазір білім беру бағдарламасын талдайтын арнайы комиссия құрдық», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Комиссия НЗМ бағдарламасының мазмұнын, пәндік жүктемені және 12-сыныпта оқытылатын курстарды 11 жылдық оқу жүйесіне бейімдеу мүмкіндігін саралайды.

НЗМ түлектерінің 88 пайызы мектепті 18 жасында бітіреді

Министрдің мәліметінше, Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің 88 пайызы мектепті 18 жасында аяқтайды.

Ал былтыр НЗМ-ді бітірген 300 түлектің жасы 19-да болған. Оқу-ағарту министрлігі оқу мерзімін қысқарту бастамасын қарастырғанда осы көрсеткіштерді де ескеріп отыр. Әзірге НЗМ-де 12 жылдық оқуды қысқарту жөнінде түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Нақты ұсыныс арнайы комиссия білім беру бағдарламасын толық талдап болғаннан кейін әзірленеді.

Back to top button