Сарбаздарға несие төлеуде жеңілдік берілді
Мәлім болғандай, мұндай жеңілдік әскери қызмет аяқталса да, бірден тоқтамайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қарызы қанша
Dalanews.kz ақпаратынша, олардың қаржы ұйымдары алдындағы қарызының жалпы көлемі 23,5 млрд теңгеге жеткен.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған “Финграмота” жобасы мәліметінше, қазір әскери борышын өтеп жүрген 30 мыңға жуық сарбаз аталған жеңілдікті пайдаланып отыр. Олардың 7,5 млрд теңге көлеміндегі несиесі бойынша төлем есептелгенімен, өтеу мерзімі уақытша шегерілді.
Бұл тетік сарбаздардың әскери қызмет кезінде несие төлеу міндетінен уақытша босатылуына мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз, қарыз жойылмайды, тек оны өтеу мерзімі кейінге ауыстырылады.
Сарбаздарға уақыт беріледі
Жеңілдік әскери қызмет аяқталған соң да бірден тоқтамайды. Сарбаздарға азаматтық өмірге бейімделіп, қаржылық міндеттемелерін қайта реттеу үшін қосымша уақыт беріледі.
Мамандар әскерден қайтқан азаматтарға жеңілдік мерзімінің аяқталуын күтпей, банк немесе микроқаржы ұйымына алдын ала хабарласуға кеңес береді.