TOP-1БілімЖаңалықтар

Мұғалімдерге сағат бөлу жүйесі өзгереді: министр жаңа тәртібі енгізілетінін айтты

Қазақстан мектептерінде мұғалімдердің оқу жүктемесін бөлу процесін цифрландыру жоспарланып отыр. Жаңа жүйеде педагогтің біліктілігі, санаты мен тәжірибесі ескеріліп, сағаттарды бөлуге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қолданылмақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Tizgin.kz тілшісінің сұрағына жауап берді.

«Мұғалім директорға сағат үшін бас имеуі керек»

Tizgin.kz тілшісі министрден мектептердегі көп жылдан бері айтылып келе жатқан сағат бөлу мәселесін көтерді. Кей мұғалімдер басшылықпен қарым-қатынасы жақсы педагогтерге көбірек жүктеме беріліп, өзгелеріне сағат аз тиетініне шағымданады. Соның салдарынан «неге маған 16 сағат, ал басқа мұғалімге 24 сағат берілді?» деген дау туындайды.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, министрлік бұл мәселені цифрлық жүйе арқылы шешуді көздеп отыр. Қазір педагогтердің цифрлық профилі қалыптастырылған. Ендігі міндет – республика бойынша оқу жүктемесін есептеп, әр мұғалімге тиесілі орташа жүктемені объективті түрде анықтау.

Ол үшін оқушылар саны, олардың сыныптарға бөлінуі, өңірлердегі сынып саны және типтік оқу жоспарындағы әр пәннің жүктемесі жинақталып, жалпы сағат көлемі есептелмек.

«Шынын айтқанда, бірде-бір мұғалім директорға осы сағат үшін мәжбүрлі түрде бас имеуі қажет. Бұл менің жалпы принципті ұстанымым. Сондықтан да бұны шешетін тек қана цифрлық технология, тек қана жасанды интеллект деп ойлаймын», – деді министр.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір қолданыстағы LMS жүйелерімен қатар «Орта білім» жүйесін іске қосып, саланы кезең-кезеңімен цифрландырып жатыр.

Министрдің айтуынша, сағаттарды бөлгенде тек есептік көрсеткіштер ғана емес, мұғалімнің біліктілігі, санаты мен еңбек тәжірибесі де ескерілуі керек.

Жаңа жүйе 2027 жылы сыналады

Министр бұл жұмыстың тек Оқу-ағарту министрлігіне байланысты емес екенін атап өтті. Сөзінше, есептеуге өңірлік және аудандық әкімдіктер де қатысады. Сондықтан платформадағы мәліметтердің толық әрі объективті болуы маңызды.

Жаңа жүйені 2026-2027 оқу жылында пысықтап, 2027 жылы апробациядан өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге министрлік мұғалімдердің қазіргі 16 сағаттық ставка жүйесінен бас тартуды қарастырмайды.

«Біздің ең басты мақсатымыз – сағат санын объективті бөлу және мұғалімдер мектептің директорына осы сағаттарды бөліну кезінде жалынышты болып жүрмеу.  Ал 16 сағат, яғни тарифтік сағаттық бөлінуден біз басқа жүйені қарастырып жатқан жоқпыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Back to top button