$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

«Толық жауапкершілікті өз мойнымызға алатын уақыт келді» – Олжас Бектенов министрлерге үндеу жасады

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жаңарған министрлер  құрамына үндеу жасап, мемлекеттік қызметшілер Президенттің сенімін толық ақтауы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғаннан кейін алғашқы отырысты өткізген Олжас Бектенов елде саяси және экономикалық жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді.

Жаңа Конституция талаптары толық орындалуы тиіс

Олжас Бектеновтің айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған жан-жақты шаралар қолға алынуы қажет.

«Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндеттерді әрбір бағыт пен сала бойынша жүйелі әрі кешенді түрде іске асыру қажет. Барлық жұмыстың негізінде әрдайым Конституциядағы «Заң мен тәртіп» және “Таза Қазақстан” қағидаттары тұруы тиіс», – деді Премьер-министр.

«Қазір – толық жауапкершілік алатын уақыт»

Үкімет басшысы мемлекеттік органдар жұмысы озық қарқынмен жүргізіліп, барлық қажетті шешімдер уақытылы қабылдануы керектігін айтты.

«Қазір – толық жауапкершілікті өз мойнымызға алып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Біз бәріміз Президенттің жоғары сенімін толық ақтауымыз керек», – деді Олжас Бектенов.

Жаңарған Үкімет құрамы бекітілді

Еске салайық, 31 тамызда Құрылтай Олжас Бектеновтің Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына кандидатурасын мақұлдады. Ал 3 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жаңартылған құрамын бекітті.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button