$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2

Қазақстанда кімдерге жаңа несие беруге тыйым салынды

Қазақстанда борыш жүктемесі жоғары және төлем тәртібін бұзған азаматтарға жаңа несие беруге шектеу қойылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Абылқасымова жаңа талаптардың кімдерге қатысты екенін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үш санаттағы азаматтарға несие берілмейді

Агенттік төрағасының айтуынша, қарызға белшесінен батқан азаматтардың қайтадан несие алуына жол бермеу үшін тәуекелі жоғары қарыз алушыларға қатысты талаптар күшейтілген.

  • Біріншіден, қазір төлем мерзімі өтіп кеткен берешегі бар азаматтарға жаңа қарыз беруге тыйым салынды.
  • Екіншіден, кейінгі үш жыл ішінде берешегі толық кешірілген қарыз алушылар да жаңа несие рәсімдей алмайды.
  • Үшіншіден, соңғы 12 айда қарызы қайта құрылымдалғанымен, төлем тәртібін қалпына келтіре алмаған азаматтарға да шектеу қойылады.

«Жаңа проблемалық берешектің пайда болуына жол бермеу үшін тәуекелі жоғары қарыз алушыларды несиелеу шектелді. Қолданыстағы мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа қарыз беруге тыйым салынды. Кейінгі үш жылда қарызы толық кешірілген, сондай-ақ соңғы 12 айда қайта құрылымдау жүргізілгенімен, төлем тәртібін қалпына келтірмеген азаматтарға да несие берілмейді», – деді Мадина Абылқасымова.

Бұл талаптар азаматтардың ескі қарызын жаңа несиемен жабуына және берешегінің одан әрі өсуіне тосқауыл қоюды көздейді.

Тұтынушылық несие беру қарқыны бәсеңдеді

Мадина Абылқасымованың мәліметінше, енгізілген шектеулер жаңадан берілетін несиелер сапасына әсер ете бастаған. Ірі банктерде несие алған соң бір жыл ішінде дефолтқа ұшырайтын қарыздар үлесі 5 пайыздан 2,5 пайызға дейін төмендеген.

Кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны да айтарлықтай бәсеңдеді. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 30 пайыз болса, 2025 жылы 14,6 пайызға дейін азайған. Ал биылғы жеті айда өсім 3,5 пайызды құрады.

Қарыз жүктемесін тежеуге бағытталған талаптар мұнымен аяқталмайды. 2027 жылдан бастап қарыз алушының жиынтық берешегінің табысына арақатынасын есептейтін жаңа коэффициент енгізіледі. Яғни несие беру кезінде азаматтың ай сайынғы төлемі ғана емес, оның барлық қарызы мен нақты табысының арақатынасы да ескеріледі.

Back to top button