Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара мойындайтын болды
Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тануға келісті
Қазақстан мен Қытай екі ел азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы уағдаласты. Келісімге Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Бейжіңге жұмыс сапары барысында қол жеткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Куәлікті емтихансыз айырбастау көзделген
Жаңа келісім Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел аумағында автокөлікпен еркін жүріп-тұруына жағдай жасауы тиіс. Бұған дейін әзірленген келісім жобасында азаматтарға екінші мемлекеттің аумағында өзінің ұлттық жүргізуші куәлігін пайдалану мүмкіндігін беру қарастырылған.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігін қайта оқудан өтпей және емтихан тапсырмай айырбастау көзделген. Алайда Ішкі істер министрлігі жаңа тәртіптің нақты рәсімдері мен оның қашан күшіне енетінін әзірге жариялаған жоқ.
«Қорғас» аумағындағы қауіпсіздік күшейтіледі
Сапар аясында Қазақстан мен Қытай «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімге де қол қойды.
Құжат екі елдің құзырлы органдары арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетіп, ықтимал қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді. «Орталық Азия – Қытай» форматындағы кездесуде тараптар өңірлік қауіпсіздік, трансұлттық қылмыс, есірткі тасымалы және киберқауіптерге қарсы күрес мәселелерін де талқылады.