ГеосаясатЕрекше

«Кәрімов шенеунік, ал мен – мемлекетшілмін»: АҚШ экс-елшісі Назарбаевтың сөзін есіне алды

АҚШ-тың Өзбекстан мен Қазақстандағы бұрынғы елшісі Джордж Альберт Крол Айран басылымына берген сұхбатында Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев және оның өзбек әріптесі Ислам Кәрімовпен қарым-қатынасы жөнінде естеліктерін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Кәрімов Назарбаевқа қызғанышпен қарайтын. Ол маған: “Назарбаев – мен сияқты диктатор. Бірақ сіздер неге екені белгісіз, оны бір ұлы адам деп ойлайсыздар. Қазақстанға қарсы санкция жоқ, ештеңе жоқ. Сіздер оны жақсы көресіздер. Міне, осы – оның қызғанышы мен өшпенділігі. Бұл – адамдардың табиғаты. Әндіжан оқиғасына қатысты ол маған: “Сіздер Өзбекстанның Ауғанстан немесе Пәкістан сияқты болғанын қалайсыздар ма? Саясат – бұл қатал іс”, – деді», — деп еске алады Крол.

Экс-елшінің айтуынша, Ислам Кәрімов Орталық Азияның көшбасшысы болғысы келмеген.

«Дегенмен ол Өзбекстан – Орталық Азияның жүрегі деп ойлайтын, Кеңес одағы кезіндегідей. Ол кезде Ташкент – үлгілі астана болды. Каримов көршілерін – біртүрлі көшпенді, білім деңгейі төмен халық деп санады. Тәжіктер, түрікмендер, қырғыздар – жабайы халық, ал қазақтар – көшпенділер. Ал Өзбекстанда – ұлы өркениет, Әмір Темір, Бұхара… Каримовтың ойы осындай еді.

«Назарбаев маған: “Кәрімов – жай ғана шенеунік, жоспарлаушы, ал мен – мемлекетшілмін. Оның дүниетанымы – провинциялық дейтін. Ал Назарбаевтың Мәскеуде байланыстары болды, ол жиі барып тұрды. Өзін Азия, Еуропа, Америка, Ресей елдерімен байланысы бар ірі тұлға ретінде сезінетін”, – деп еске алады Джордж Альберт Крол.

Джордж Альберт Крол – америкалық дипломат, Орталық Азиядағы күрделі саяси процестердің тікелей куәгері әрі қатысушысы. 2015–2018 жылдары ол Қазақстандағы АҚШ елшісі болды. Бұған дейін, 2011–2014 жылдары, Өзбекстанда елші қызметін атқарды.

Кролдың дипломатиялық мансабы бірнеше онжылдықты қамтиды, оған Ресейде, Украинада, Польшада және Беларусьта жұмыс істеу кезеңдері кіреді.

Қазақстанда қызмет еткен жылдары ол Вашингтон мен Астана арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтуге, инвестициялық және қорғаныс салаларындағы байланыстарды нығайтуға күш салды. Әсіресе энергетика, ядролық қаруды таратпау және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Өзбекстандағы қызметінде ол жабық саяси жүйеде жұмыс істеп, екіжақты қатынастарды сақтауға және гуманитарлық байланыстарды дамытуға ұмтылды.

Back to top button