Жастарды көшеден ұстап әскерге әкету заңды ма – заңгер жауап берді
Күз келерде әскерге күзгі шақырылым да басталады. Осы уақытта әскерге барғысы келмеген жастарды күштеп әскери комиссариатқа әкету жайттары да жиілеп, видеолары желілерде қызу талқыланады. Ал жастарды осылай әскерге күштеп әкету заңды ма? Осы сұраққа өз парақшасында белгілі заңгер Бауыржан Азанов жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жастарды әскерге күштеп әкету заңды ма
Бауыржан Азанов өз парақшасындағы микросабақ айдарында осы сұраққа жауап берді.
“Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі жөніндегі заңның 30-бабына сәйкес, егер бұған дейін жас жігітті әскерге шақырса, ал сол азамат ол шақыртуды елемесе, сонда ғана ол ішкі істер органдары арқылы әскери комиссариатқа жеткізілуі мүмкін”, – дейді ол.
Әскерге шақыртудың жаңа ережелері
Былтыр әскери қызметке шақырылуы мүмкін азаматтар SMS-шақырту алған соң үш күн ішінде әскерге шақырылушыға көрсетілген мекенжай бойынша әскери комиссариатқа барып, медициналық тексеруден өту қажеттігі ескертілген еді. Яғни, SMS – ресми шақырту саналады. Медициналық тексерістен кейін шақыру комиссиясы шешім қабылдайды. Сондай-ақ SMS-хабарлама азаматтың eGov порталындағы жеке кабинетіне де жіберілуі мүмкін.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, егер азаматқа бірнеше абоненттік нөмір тіркелген болса, SMS олардың әрқайсысына жіберіледі. Осылайша шақыру қағазын өткізіп алмауы үшін жағдай жасалады.