Бақытжан Базарбек өз ісі жөнінде жақсы жаңалығын жариялады
Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзі тап болған жол-көлік оқиғасында зардап шеккен азамат есін жиғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Базарбек не дейді
Бақытжан Базарбек Нұржігіттің жағдайы туралы шұғыл жаңалықты жария етті.
“24 күн. Нұржігіт комадан шықты, оянды. Есін кіргізіп, әйелі мен балаларын, аға-інілерін, туған-туыстарын танып отыр. Еліміздің бетке ұстар реаниматологы, Мусин Гамзат Афендиевич бастаған Тараз қаласының анестезия және реанимация бөлімінің кәсіби реаниматологтары Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен жан-жақты, сапалы ем жасап, Нұржігітті аяғына тұрғызуда. БАҚ құралдарына ақпаратты бұрмаламай, шынайылыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауды сұраймын”, – деді экс-депутат.
Бақытжан Базарбектің ісі жайлы
Еске салсақ, бұған дейні Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді. Жол апаты Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Бұған дейін осы жол учаскесінде көлік малды қағып, жануардың өлексесі жол үстінде қалып қойған. Бір ер адам оны жолдан алып тастау үшін көліктен түскен. Сол сәтте оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылады.
Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол тергеу жүріп жатқандықтан оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайтынын жеткізіп, көпшілікті асығыс қорытынды жасамауға шақырды.