$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
БілімЖаңалықтар

Бес күнде 100 мың адам: Қазақстанда кітап оқу марафонына қызығушылық артты

Қазақстанда өтіп жатқан кітап оқу марафонына тіркелгендер саны алғашқы бес күннің өзінде 100 мыңнан асты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» марафонына қатысушыларды тіркеу 2 қыркүйекте басталды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бес күн ішінде жоспарланған нысаналы көрсеткіштің 10 пайыздан астамы орындалған.

Өңірлер арасында ең жоғары белсенділік Ақтөбе облысында байқалды. Мұнда марафонға шамамен 44 мың адам қосылған. Екінші орында 16 мыңға жуық қатысушысы бар Жетісу облысы тұр. Үштікті Батыс Қазақстан облысы түйіндейді – өңірден 10 мыңға жуық адам тіркелген.

Марафон жеті бағыт бойынша ұйымдастырылған. Әзірге «Кітап оқитын мектеп» бағыты алда – оған 51 148 адам тіркелді. «Кітап оқитын педагог» бағытына 23 435, «Кітап оқитын колледжге» 11 061 адам қосылған.

Сонымен бірге «Кітап оқитын зияткер» бағытын 8 332 адам таңдаса, «Кітап оқитын университетке» – 4 692, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметшіге» – 3 181, ал «Кітап оқитын әулет» бағытына 1 716 адам тіркелген.

Тіркелу 15 қыркүйекке дейін жалғасады

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев алғашқы бес күндегі нәтиже қоғамның бастамаға қызығушылығы жоғары екенін көрсететінін айтады.

«Марафонның алғашқы күндерінен бастап осыншама көп қатысушының басын қосуы біз үшін аса маңызды. Бұл көрсеткіштің артында мектеп оқушылары мен педагогтер, отбасылар мен студенттер, мемлекеттік қызметшілер, белсенді оқырмандар және түрлі кәсіби салалардың өкілдері тұр. Бұл кітап оқуға деген қызығушылықтың әртүрлі буын мен өңір тұрғындарын біріктіретінін көрсетеді. Өңірлер тарапынан белсенділікті байқап отырмыз және тіркеу аяқталғанға дейін марафонға қатысушылар саны одан әрі арта түседі деп сенеміз», – деді Аян Сакошев.

Сакошевтің сөзінше, өңірлердегі белсенділік қазірдің өзінде байқалып отыр және ұйымдастырушылар тіркеу аяқталғанға дейін қатысушылар саны одан әрі өседі деп күтеді.

Марафонға тіркелу 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Бастаманың негізгі мақсаты – кітап оқуды білім алудың, зияткерлік дамудың және заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың маңызды бөлігі ретінде дәріптеу.

Ұйымдастырушылар мектеп оқушыларын, мұғалімдерді, студенттерді, отбасыларды, мемлекеттік қызметшілерді және кітап оқу құндылығын қолдайтын азаматтарды марафонға қатысуға шақырды.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button