Қазақстан Ресей мен Украина келіссөздерін өткізуге дайын – ҚР СІМ
Соғысты тоқтату келіссөзі: Қазақстан өз ұстанымын жариялады
Қазақстан Ресей мен Украина келіссөздерін өз аумағында жедел ұйымдастыруға дайын. Алайда бұл үшін Мәскеу мен Киевтің тиісті өтініші қажет, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Риа Новости басылымына сілтеме жасап.
Қазақстан қандай шарт қойды
Қазақстан сыртқы істер министрлігі РИА Новости агенттігіне берген жауабында Астананың Ресей мен Украина арасындағы соғысты бейбіт жолмен тоқтатуды жақтайтынын мәлімдеген.
«Қазақстан Республикасы Ресей–Украина қақтығысын бейбіт, саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді дәйекті түрде қолдайды. Тараптар тиісті ниет білдірген жағдайда, келіссөз өткізу үшін қажетті жағдай мен алаң ұсынуға дайын екенін бұған дейін де бірнеше рет мәлімдеген», – делінген министрлік хабарламасында.
Демек, Қазақстан келіссөзді өз бастамасымен өткізуді ұсынып отырған жоқ. Астана Мәскеу мен Киев ортақ мәмілеге келіп, ресми өтініш жасаған жағдайда ғана қажетті алаң мен ұйымдастырушылық жағдай әзірлеуге дайын.
Келіссөз үдерісі қайта жандана ма
Қазақстан бұл мәселеде арағайын болуға ұмтылмайтынын, бірақ тікелей диалог үшін бейтарап алаң ұсына алатынын бұған дейін де айтқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы Қазақстанның өзін Ресей мен Украина арасындағы делдал ретінде көрмейтінін, алайда келіссөз өткізуге жағдай жасауға әзір екенін мәлімдеген еді.
Астананың жаңа мәлімдемесі Вашингтонның соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық әрекеті қайта жанданған тұста жасалды. 5 қыркүйекте АҚШ президентінің өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеуде Владимир Путинмен үш сағаттан астам келіссөз жүргізді. Келесі күні олар Киевте Владимир Зеленскиймен кездесті. Тараптар кездесулерді мазмұнды деп бағалағанымен, әзірге нақты келісімге қол жеткізілген жоқ. АҚШ өкілдері Ресей мен Украина арасындағы жаңа келіссөз кезеңі жақын уақытта жариялануы мүмкін екенін айтты.
Кремль де келіссөздердің қайта басталу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Дегенмен Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков нақты мерзім мен кездесу өтетін орын туралы айтуға әлі ерте екенін мәлімдеді. Осылайша, Қазақстан ықтимал келіссөзге алаң ұсынуға дайын екенін тағы бір рет растады. Бірақ кездесудің Астанада өту-өтпеуі ең алдымен Мәскеу мен Киевтің саяси шешіміне байланысты.