Жұмысты қорытындыладық – министр Мырзабосынов қырғыз әріптестеріне алғысын айтты
Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қорытындылап, бауырлас қырғыз халқына қонақжайлылығы мен жылы қабылдауы үшін алғыс айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министр не айтты
Оның үндеуі жексенбі күні кешкісін Туризм және спорт министрлігінің Telegram-арнасында жарияланды.
“VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бауырлас халықтарды ортақ тарихы, дәстүрі мен ұлттық спорты арқылы жақындастыратын ерекше халықаралық дода. Аталған дода аясында Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетіне қарасты Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт агенттігінің директоры Урмат Асанбаевпен кездесіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жұмысымызды қорытындыладық”, – деді министр.
Кездесуде Урмат Асанбаевқа құрмет көрсетіп, садақ сыйға тартты. Айтуынша, садақ– көшпенділердің бай мұрасы мен халықтың ортақ дәстүрдің символы.
“Тарихы тамырлас, бауырлас халықтар”
“Қазақ пен қырғыз – тарихы тамырлас, рухы бір, салт-дәстүрі сабақтас бауырлас халықтар. Осындай халықаралық жарыстар екі ел спортшылары мен спорт саласының мамандарын жақындастырып, достық байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі. Қырғызстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтті. Қырғыз ағайындарға қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін алғыс айтамын!” – делінген үндеуде.
Қазақстан 32 алтын иелендік деп мәлімдеді
Айта кетейік, Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медаль кестесіне қатысты дау туған болатын. Қазақстан мен ұйымдастырушылар жариялаған мәліметтер бір-біріне сәйкес келмеген соң, жалпыкомандалық есеп ресми сайт пен әлеуметтік желіден алынып тасталды.
Қазақстанның туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама Көшпенділер ойындарында барлығы 74 медаль иеленген. Оның 32-сі – алтын, 20-сы – күміс, 22-сі – қола. Осы есеп бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққан. Министрлік барлық жүлде жиынтығы бойынша нәтижелердің қайта тексерілгенін, алайда қорытынды өзгермегенін мәлімдеді. Яғни Қазақстан құрамасының еншісінде 32 алтын медаль бар.
Ойындарды ұйымдастырушылар бұған дейін басқа кесте жариялаған. Онда 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан бірінші орынға, 29 алтыны бар Қазақстан екінші орынға қойылған. Ал жеті алтын медаль жеңіп алған Ресей үшінші орынға орналасқан.
Бұл кесте қоғамда қызу талқы туғызды. Жарияланым Instagram парақшасынан бірнеше рет өшіріліп, қайта жарияланған. Кейін қорытынды есеп Көшпенділер ойындарының ресми сайтынан да алынып тасталды.
Қырғызстан тарапы не деді
Кейін Ойындардың ресми сайтында қорытынды медаль кестесі жарыс хатшылығынан толық ақпарат түскеннен кейін ғана жарияланатыны хабарланды. Ресми расталғанға дейін жиынтық кесте орналастырылмайды. Дегенмен жекелеген жарыстардың нәтижелері мен спортшылар жеңіп алған медальдар туралы ақпарат сайтта сақталған. Қырғызстанның спорт министрлігі өз кезегінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес елдер арасында ресми медаль және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін мәлімдеді.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ең алдымен этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және насихаттауға, халықтар арасындағы мәдени байланыс пен достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң. Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтңдегі орын үшін таласына емес, елдерді ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегіне біріктіруге негізделген», – делінген ведомство хабарламасында.
Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысына қатысты әзірге екі түрлі есеп бар. Қазақстан тарапы ұлттық құраманың 32 алтын медальмен бірінші орын алғанын мәлімдесе, ұйымдастырушылардың кейін өшірілген кестесінде Қырғызстан 30 алтынмен көш бастап, Қазақстан 29 алтынмен екінші тұрған.
Енді командалардың қорытынды көрсеткіші жарыс хатшылығының ресми мәліметінен кейін нақтылануы тиіс.