$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
Без рубрики

Қазақстан жеңімпаз атанған соң Қырғызстан спорт министрлігі күтпеген мәлімдеме жасады

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медаль кестесіне қатысты дау туды. Қазақстан мен ұйымдастырушылар жариялаған мәліметтер бір-біріне сәйкес келмеген соң, жалпыкомандалық есеп ресми сайт пен әлеуметтік желіден алынып тасталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстан 32 алтын медаль жеңіп алғанын мәлімдеді

Қазақстанның туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама Көшпенділер ойындарында барлығы 74 медаль иеленген. Оның 32-сі – алтын, 20-сы – күміс, 22-сі – қола. Осы есеп бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққан. Министрлік барлық жүлде жиынтығы бойынша нәтижелердің қайта тексерілгенін, алайда қорытынды өзгермегенін мәлімдеді. Яғни Қазақстан құрамасының еншісінде 32 алтын медаль бар.

Ойындарды ұйымдастырушылар бұған дейін басқа кесте жариялаған. Онда 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан бірінші орынға, 29 алтыны бар Қазақстан екінші орынға қойылған. Ал жеті алтын медаль жеңіп алған Ресей үшінші орынға орналасқан.

Бұл кесте қоғамда қызу талқы туғызды. Жарияланым Instagram парақшасынан бірнеше рет өшіріліп, қайта жарияланған. Кейін қорытынды есеп Көшпенділер ойындарының ресми сайтынан да алынып тасталды.

Қырғызстан ресми жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін айтты

Кейін Ойындардың ресми сайтында қорытынды медаль кестесі жарыс хатшылығынан толық ақпарат түскеннен кейін ғана жарияланатыны хабарланды. Ресми расталғанға дейін жиынтық кесте орналастырылмайды. Дегенмен жекелеген жарыстардың нәтижелері мен спортшылар жеңіп алған медальдар туралы ақпарат сайтта сақталған. Қырғызстанның спорт министрлігі өз кезегінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес елдер арасында ресми медаль және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін мәлімдеді.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ең алдымен этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және насихаттауға, халықтар арасындағы мәдени байланыс пен достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң. Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтңдегі орын үшін таласына емес, елдерді ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегіне біріктіруге негізделген», – делінген ведомство хабарламасында.

Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысына қатысты әзірге екі түрлі есеп бар. Қазақстан тарапы ұлттық құраманың 32 алтын медальмен бірінші орын алғанын мәлімдесе, ұйымдастырушылардың кейін өшірілген кестесінде Қырғызстан 30 алтынмен көш бастап, Қазақстан 29 алтынмен екінші тұрған.

Енді командалардың қорытынды көрсеткіші жарыс хатшылығының ресми мәліметінен кейін нақтылануы тиіс.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 2026 жылдың 31 тамызы мен 6 қыркүйек аралығында өтті. Дүбірлі додаға үш мыңға жуық спортшы қатысып, бұл көрсеткіш Ойындар тарихындағы рекорд ретінде тіркелді.

Back to top button