Көшпенділер ойындарында кім жеңді: Қазақстан мен Қырғызстан екі түрлі есеп жариялады

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық есебіне қатысты екі түрлі қорытынды жарияланды. Қазақстанның туризм және спорт министрлігі Қазақстан құрамасын жеңімпаз деп көрсетсе, жарысты ұйымдастырушылардың қорытынды кестесінде Қырғызстан бірінші орында тұр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстан министрлігі: 74 медаль және бірінші орын
Қазақстанның туризм және спорт министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, ұлттық құрама Қырғызстанда өткен додада 74 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар.
Министрлік Қазақстан құрамасы аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жүлдеге ие болғанын мәлімдеді.
Осы есеп бойынша Қазақстан 32 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған. Қырғызстан құрамасы 30 алтынмен екінші, жеті алтын иеленген Ресей үшінші орынға орналасқан. Қазақстандық ведомствоның ресми мәліметінде жарысқа 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысқаны айтылған.
Ұйымдастырушылар Қырғызстанды жеңімпаз деп көрсетті
Алайда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми парақшасында жарияланған қорытынды кестеде мүлде басқа сандар берілген. Бұл кесте бойынша Қырғызстан 30 алтын, 29 күміс және 13 қола – барлығы 72 медаль алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққан. Қазақстанға 29 алтын, 16 күміс және 19 қола – барлығы 64 медаль есептеліп, құрама екінші орынға қойылған. Ресей 34 медальмен үшінші сатыда тұр.
Қырғызстандық Kaktus.media мен Кабар агенттігі де ұйымдастырушылардың осы қорытындысына сүйеніп, Қырғызстанды жарыс жеңімпазы деп атады.
Жалпыкомандалық есепте алдымен алтын медаль саны ескерілетіндіктен, бұл айырмашылық жарыс жеңімпазын да өзгертіп жіберген: Қазақстан тарапының есебінде 32 алтын алған Қазақстан бірінші болса, ұйымдастырушылардың хаттамасында 30 алтын иеленген Қырғызстан көш бастап тұр.
Әзірге тараптар медальдардың не себепті әртүрлі есептелгенін және қай он жүлдеге қатысты алшақтық туғанын ресми түрде түсіндірген жоқ. Сондықтан ұйымдастыру комитетінің жарияланған қорытынды хаттамасына сүйенсек, бірінші орын – Қырғызстанда. Ал Қазақстан министрлігінің есебі бойынша жеңімпаз – Қазақстан құрамасы.