Қазақстан тарихының академиялық басылымы соңғы редакциялық кезеңге өтті
Қазақстан тарихының көптомды академиялық басылымын жарыққа шығаруға әзірлік жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Терминология мен тарихи материалдар біріздендіріліп жатыр
Ерлан Қариннің айтуынша, қазір академиялық еңбекте қолданылатын терминологияны біріздендіру, тарихи материалдар мен иллюстрацияларды жүйелеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар көптомдықтың мәтіндері редакцияланып, беттеліп, баспаға дейінгі өзге де маңызды міндеттер атқарылуда. Бұл – ауқымды академиялық еңбекті жарыққа шығарудың шешуші кезеңдерінің бірі.
Редакторлармен жұмыс барысы талқыланды
Вице-президент басылымды әзірлеуге жауапты редакторлар ұжымымен кездесіп, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылағанын жеткізді. Жиында академиялық басылымның сапалы әрі белгіленген талаптарға сай дайындалуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар сараланған.
«Академиялық басылымның баспаға сапалы әрі талапқа сай дайындалуына қатысты атқарылып жатқан шаруалардың барысын сараладық. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады», – деді Ерлан Қарин.
Заманға сай ғылыми әдістерді қолдана отырып жазылған Қазақстан тарихының көптомдық басылымын дайындау туралы бастаманы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көтерген. Осы академиялық басылым ел тарихы жөніндегі барлық мектеп пен университет бағдарламаларына және оқулықтарына негіз болғалы тұр.