ЖаңалықтарСпорт

Көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасының алтын медаль саны 32-ге жетті

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтыншы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы қоржындағы жүлделер санын арттырды. Ұлттық құрама спортшыларының еншісіндегі алтын медаль саны 32-ге жетті, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Тоғызқұмалақ пен мангаладан алты алтын

Алтыншы жарыс күнінде спортшылар көкпар, көкбөрі, тоғызқұмалақ, мангала және овари бойынша жүлделерді сарапқа салды.

Ойындардың алғашқы күнінен басталған зияткерлік спорт түрлерінің бәсекесі бүгін шешуші кезеңге жетті. Тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, төрт алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.

Мангала жарысында да қазақстандық спортшылар қарсыластарынан басым түсті. Ұлттық құрама мүшелері екі алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді.

Африка халықтарының дәстүрлі зияткерлік ойыны саналатын овариден де Қазақстан өкілдері жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Көкбөріден Қазақстан күміс жүлде алды

Көкбөріден өткен финалдық кездесуде Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары сынға түсті. Бұл спорт түрі Қырғызстанда кеңінен дамыған және елдің дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі саналады.

Шешуші кездесуде қырғыз құрамасы басым түсіп, алтын медаль иеленді. Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Осылайша, жарыстың алтыншы күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынындағы алтын медаль саны 32-ге жетті.

Back to top button