Үш облыста әскери техника қозғалады: Қорғаныс министрлігі ескерту жасады
ҰҚШҰ-ның «Рубеж-2026» оқу-жаттығуы 12–19 қыркүйек аралығында Жетісу облысында өтеді
Қорғаныс министрлігі үш өңірде әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы болатынын ескертті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Әскери техниканың қозғалысы Жетісу облысында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) «Рубеж-2026» бірлескен оқу-жаттығуына байланысты.
Оқу-жаттығу қашан басталады
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Рубеж-2026» оқу-жаттығуы 12–19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы «Көктал» полигонында өтеді.
Оған дайындық пен оқу-жаттығуды өткізу кезінде, яғни 7–30 қыркүйек аралығында үш облыстың аумағында әскери техника мен жеке құрам жоспарлы түрде қозғалады.
«Оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар өткізіліп, оның аясында марш дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады.», – деп хабарлады министрлік.
Ведомствоның түсіндіруінше, оқу-жаттығу ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бекітілген жауынгерлік даярлық жоспарларына сәйкес өткізіледі. «Рубеж» оқу-жаттығуы тұрақты түрде ұйымдастырылып, оған кезекпен Ұйымға мүше елдер қабылдаушы тарап болады.
Қорғаныс министрлігі әскери техника қозғалысына байланысты әлеуметтік желілерде жалған немесе тексерілмеген ақпарат таратпау қажеттігін ескертті.