TOP-2ЖаңалықтарПікір

Қазақстан латын әліпбиіне қашан көшеді: Сарапшы жауап берді

«Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» атты панельдік отырыста Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Жанат Момынқұлов түркі елдеріне ортақ әліпбиге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Латын әліпбиіне көшу 2030 жылға дейін іске аспайды, өйткені оған уақыт керек. Оған біздің қоғамымыз қаншалықты дайын? Латын әліпбиінің соңғы нұсқасын бекіткенімізбен, ол – соңғы нұсқа деп айта алмаймыз. Ол бірте-бірте дамып жатыр. Әртүрлі сын тезінен өтіп жатыр. Қазір оны талқылау деңгейіндеміз деп ойлаймын», – дейді Жанат Момынқұлов.

Оның айтуынша, дәл қазіргі жағдайда латын әліпбиіне толық көшу қисынға келмейді.

«Латын әліпбиіне көшу – өте маңызды. Оған қоғамның санасы қаншалықты дайын? Мәселе оқуда ғана емес, латын әліпбиімен жазылған мәтінді тез түсіне алатын болуыңыз керек. Латын әліпбиіне көшу – баланың оқу жылдамдығын азайтады, тіпті курсивпен оқу қиын болып қалады. Бұл кешенді мәселе. Бұған байқап қарау керек. Өз ойыма келетін болсам, латын әліпбиіне көшетін болсақ – тезірек көшуіміз керек, өйткені әлемдік технология тілі – латын әліпбиімен жазылады. Бізде қазір латын әліпбиімен қатар қазақ тілінің даму мәселесі қатар келе жатыр. Ол мәселені толық біржақты шешілді деп айта алмаймыз, ал осы жағдайда қалай латын әліпбиіне көше аламыз? Негізі бұл жоба басталды, бірте-бірте келе жатырмыз. Көп мемлекеттің тәжірибесін ескеруіміз керек», – дейді ол.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button