$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
TOP-1Экономика

Зейнетақы реформасы: Ұлттық банк не өзгеретінін түсіндірді

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқару жүйесі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Ұлттық Банк БЖЗҚ активтерінің бір бөлігін конкурс арқылы таңдалған кәсіби басқарушы компанияларға беруді жоспарлап отыр. Жаңа жүйені 2027 жылдың соңына қарай іске қосу көзделген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Не өзгермек

Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, кәсіби басқарушылар конкурс арқылы іріктеледі. Олар өздерінің инвестициялық стратегиясы мен қаржылық мүмкіндігін ұсынып, соның нәтижесіне қарай зейнетақы активтерінің белгілі бір бөлігін басқаруға алады.

«Біз негізгі басқарушы ретінде портфельдерді бөлеміз. Ең салмақты, қаржылық мүмкіндігі жоғары кәсіби басқарушы командаларды шақырамыз. Олар конкурс аясында өз стратегиялары мен мүмкіндіктерін көрсетіп, активтердің белгілі бір көлемін басқаруға алады», – деді Сүлейменов.

Оның сөзінше, БЖЗҚ-да ұзақ мерзімге инвестициялауға болатын қомақты қаражат бар. Жаңа тәсіл зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттырып қана қоймай, Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығын дамытуға да ықпал етуі тиіс.

Қазір де салымшылар жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушыларға бере алады. Алайда бұл мүмкіндікті пайдаланғандар аз. Сүлейменовтің мәліметінше, жеке басқарушылардың қолындағы зейнетақы активтерінің көлемі шамамен 120–130 млрд теңге.

Салымшы басқарушыны өзі таңдай ала ма

Реформадан кейін де қазақстандықтардың басқарушы компанияны өз бетінше таңдау мүмкіндігі сақталады. Ал БЖЗҚ басқаруында қалатын қаражат үшін кәсіби басқарушыларды Ұлттық Банк конкурс арқылы іріктемек.

Олардың жұмысы кірістілік көрсеткіші бойынша тұрақты бағаланады. Жақсы нәтиже көрсеткен компания портфельді басқаруды жалғастырады. Кірістілік төмен болса, Ұлттық Банк активтерді басқа басқарушыға бере алады.

Жаңа жүйе қашан іске қосылады

Ұлттық Банк реформаның бағдарламасын 2026 жылдың соңына дейін бекітуді, содан кейін қажетті заңнамалық өзгерістерді әзірлеуді жоспарлап отыр. Жаңа жүйені 2027 жылдың соңына қарай іске қосу көзделген.

Еске салсақ, Қазақстан Ұлттық банкі зейнетақы активтерін басқару моделін қайта қарайтыны жайлы хабарлағанбыз.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button