Президент Арман Қырықбаевты қабылдап, тапсырма берді
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарын айқындап, ведомство алдына бірқатар нақты міндет қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Президент мәдениет пен креативті индустрияны одан әрі дамытуды, тарихи-мәдени мұраны сақтап, кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан мәдениетін халықаралық аренада дәріптеудің маңызын атап өтті.
“Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президент отандық ақпарат кеңістігін жандандыруға, соның ішінде заң жобалау жұмысын заманауи цифрлық тәуекелдерді ескере отырып жетілдіруге күш салу қажет деп санайды”, – делінген Ақорда ақпаратында.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын дәйекті түрде жалғастыру, жастардың жасампаз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау жөнінде міндет жүктеді.