Қазақстанда 3 қыркүйек қазақы тазы мен төбет күні болып белгіленді
Бүгін, 3 қыркүйек күні Қазақстанда қазақы тазы мен төбет күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. Атаулы күн қазақ тазысының 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тарапынан алдын ала танылған күніне орай белгіленген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақ тазысы халықаралық деңгейде танылды
2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда Халықаралық кинологиялық федерация қазақ тазысының тұқымын алдын ала тану туралы шешім қабылдады. Тұқымға №372 халықаралық стандарт бекітіліп, Қазақстан оның шыққан елі ретінде ресми танылды.
Ғасырлар бойы қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан тазы дәстүрлі аңшылықта ерекше орын алған. Кейінгі жылдары ұлттық ит тұқымын сақтау және халықаралық деңгейде таныту жұмыстары мемлекеттік деңгейде қолға алынды.
2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жөнінде міндет қойды. Бір жылдан кейін осы бағыттағы заңнамалық негіз қалыптастырылды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев тазының халықаралық деңгейде танылуын үлкен нәтиже деп бағалайды. Алайда оның сөзінше, негізгі жұмыс енді тұқымның өзіне тән қасиеттерін сақтауға бағытталуы керек.
«Тазыны бүгінгі күнге жеткізген – оны ұрпақтан ұрпаққа сақтап келген аңшылардың, селекционерлердің, кинологтардың, ит иелері мен жанашыр азаматтардың еңбегі. Халықаралық деңгейде танылу – үлкен нәтиже. Бірақ біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Ең бастысы – тазының тұқымдық ерекшеліктерін, генетикалық қорын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу», – деді министр.
Қазір Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымдық кітабында төрт мыңға жуық тазы тіркелген. Өңірлерде олардың шығу тегі туралы мәлімет жинау, асыл тұқымдық есеп жүргізу және тұқымдық қасиеттерін сақтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Ұлттық тұқымды сақтауға он жылдық жоспар бар
Қазақ тазысы халықаралық көрмелерде де таныстырылып келеді. 2025 жылы Хельсинкидегі Дүниежүзілік иттер көрмесінде тұқымның ресми таныстырылымы өтті. Ал 2026 жылғы маусымда Болоньяда өткен World Dog Show көрмесіне Қазақстаннан 12 тазы қатысты.
Жетісу облысында қазір Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы салынып жатыр. Жоба демеушілердің қолдауымен және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
Орталықта таза тұқымды иттерді өсіру, олардың шығу тегін тіркеу, Бірыңғай тұқым-тегі кітабын жүргізу және кинология саласының мамандарын даярлау жоспарланған. Сондай-ақ мұнда көрмелер, сынақтар мен жарыстар өткізу көзделген.
Биыл 20 ақпанда Үкімет Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайтудың 2026–2036 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Құжат ұлттық ит тұқымдарын сақтауға бағытталған жұмысты алдағы он жыл бойы жүйелі түрде жалғастыруды көздейді.
Қазақ тазысының FCI тарапынан алдын ала танылуы бұл жұмыстың соңғы нүктесі емес. Ендігі міндет – тұқымның бірнеше буын бойындағы тұрақтылығын бақылап, генетикалық алуандығын, денсаулығын және табиғи қасиеттерін сақтау.
Сондықтан 3 қыркүйек қазақ тазысының халықаралық деңгейде мойындалғанын ғана білдірмейді. Бұл – ғасырлар бойы сақталған ұлттық тұқымды келесі ұрпаққа жеткізудің маңызын айқындайтын атаулы күн.
Посмотреть эту публикацию в Instagram