Жаңалықтар

Түркістандық өнерпаздар Грузия көрермендерін тәнті етті

Түркістан музыкалық-драма театрының әртістері Грузия елінің арнайы шақыртуымен Батуми қаласында гастрольдік сапармен өнер көрсетуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алыстан ат арылтып барған жас өнер ұжымы  Илья Чавчавадзе атындағы мемлекеттік кәсіби драма театрының сахнасында ақын, философ Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» негізінде сахналанған «Абай. Қара сөз» пластикалық спектаклін көрермен назарына ұсынды. Қойылымның алғашқы көрсетіліміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан Республикасының Батуми қаласындағы Құрметті консулы Гиоргий Абашидзе, Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің үшінші хатшысы Риза Садық, Грузияның Мәдениет министрлігінің Мәдениет департаментінің басшысы Нино Лосаберидзе, Илья Чавчавадзе атындағы Батуми мемлекеттік драма театрының директоры Коте Мзавия және мәдениет саласының өкілдері  қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Қазақстан мен Грузия арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан рухани ынтымақтастық пен достықтың маңызын атап өтіп, Грузия халқының қазақ өнеріне жасаған зор құрметіне алғыс білдірді.

Грузиялық көрермендер түркістандық театр әртістерінің сахналаған қойылымдарды ерекше ілтипатпен қабылдап, тәнті болды. Әртістердің шеберліктеріне, мәдениет пен өнер саласын дамытудағы белсенді еңбектеріне жоғары бағаларын беріп, ризашылықтарын жеткізді.

Абай Құнанбайұлының «Қара сөзі» – уақыттың сынынан өткен, ғасырлар өтсе де маңызы азаймаған, адам өмірінің мәні мен мақсаттарын терең әрі жан-жақты зерттеуге арналған ой-толғамдар жинағы. Ақынның шығармасына негізделген «Қарасөз» пластикалық спектаклі де  адамзаттың мән-мағынасына терең бойлауға шақырады. Спектакльдің пластикалық тілі Абайдың сөзбен жеткізген терең философиясын адам денесінің қозғалысы, сезім мен ішкі арпалыс арқылы жаңаша сөйлетеді. Сахнадағы әрбір қимыл – адам баласының өмірдің мәнін іздеп аласұрған сәттерін, рухани құлдырауы мен қайта өрлеуін көрерменнің жүрегіне тікелей жеткізетін құралға айналады. Осылайша спектакль ұлы ойшылдың тағылымды ойларын өзгеше сахналық тілмен жеткізіп, Абай даналығын жаңа қырынан танытуды мақсат етеді.

Спектакльдің режиссері – Мадина Мұратпекова, композиторы – Хамит Шанғалиев.

 

Айта кетсек, гастроль аясында 3 қыркүйек күні «Абай. Қара сөз» спектаклінің екінші көрсетілімі өтеді. Бес күндік гастроль – тек өнер көрсету емес, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты  одан әрі  нығайтып,  мәдениет пен руханият саласын дамытуға бағытталған.

Back to top button