Атыраудағы қанды қылмыс: Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен кездесті
Атыраудағы бүтін бір отбасының өліміне қатысты атышулы істен кейін психикалық орталықта болған Ақбаян Мұқанғалиева орталықтан шықты. Ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен сәбилер үйіне барып, балаларымен кездескен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Балаларымен екі рет кездесті
Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятованың айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен алғаш рет 27 тамызда кездескен. Кейін 1 қыркүйекте оларды Білім күнімен құттықтау үшін тағы келген.
Ақбаян Мұқанғалиева ата-ана құқығынан айырылмаған және балаларының заңды өкілі болып қала береді.
«Балаларының заңды өкілі ретінде балаларына келді. Ата-ана ретінде құқығынан айырылған жоқ. Жалпы балалармен кездесу кестеге сәйкес әр жұма күні, 17:00 мен 19:00 аралығында ұйымдастырылады. Мұны ол басында білмеген. 27 тамызда келді. Кейін балаларын Білім күнімен құттықтауға келгенін айтып, 1 қыркүйекте кездесті», – деді орталық директоры.
Қазір Ақбаян Мұқанғалиеваның төрт баласы Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Олар сол жерде білім алады. Ал бір жарым жастағы кенже ұлы сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатыр.
Орталық директоры балалардың денсаулығы мен көңіл күйі жақсы екенін жеткізді. Оларды мекемеде қанша уақыт ұстау керектігі туралы нақты мерзім белгіленбеген.
«Балалардың денсаулық жағдайы, көңіл-күйі жақсы. Кішкентайларды орталыққа орналастыру туралы шешімде олардың қай уақытқа дейін мұнда болатыны көрсетілмеген», – деді Құндыз Ғиниятова.
Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстары да оның балаларын танитынын айтқан. Дегенмен ол алдағы уақытта ем қабылдауды жалғастырады.
Тергеу не анықтады
Еске салайық, Атыраудағы резонансты қылмыстық іс бойынша Сұлтан Сарсемалиевке биыл шілдеде үкім шыққан. Ол әйелінің ата-анасы мен бауырларын өлтірді деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болып, сотқа дейінгі тергеу ресми түрде тоқтатылды.
Бұған дейін Алматыда Ақбаян Мұқанғалиеваға стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізілген. Прокуратура мәліметінше, сараптама қорытындысы бойынша оған динамикалық бақылау жүргізу және қосымша дифференциалдық диагностика жасау қажет деп танылған.
Қазір туыстарының мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиева ем қабылдауды жалғастырады.