TOP-2Пікір

«Ісік – орындаушы, ал тапсырыс беруші – созылмалы күйзеліс»: Онколог пікірі

Қатерлі ісік тек денеде пайда болатын ауру ма, әлде оның артында ұзаққа созылған күйзеліс, жан жарасы мен шешілмеген эмоциялар тұруы мүмкін бе? Дәрігер-онколог, хирург Салауат Ешимов әлеуметтік желіде 20 жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, қатерлі ісік пен адамның психологиялық жағдайы арасындағы байланыс туралы өз көзқарасын ортаға салды. Ол ісікті «орындаушы», ал созылмалы күйзелісті «тапсырыс беруші» ретінде сипаттайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Онколог-дәрігер ота жасау бөлмесінде 20 жыл жұмыс істеп, ісіктерді шебер алып тастауды үйренгенін айтты.

«Менің қолдарым ауру тінді сау тіннен ажыратып, лимфа түйіндерін тазалап, адамға өмір сүруге мүмкіндік беруді біледі. Техникалық тұрғыдан алғанда, біз – хирургтар, жиі жеңіске жетеміз. Біз «өлтірушіні», яғни ісіктің өзін алып тастаймыз. Науқас ауруханадан шығады. Ал қорытындыда: «Сауықты» деген жазу тұрады», – дейді ол.

«Соңғы 6 айда өміріңізде не болды?» деп сұраймын

Хирург өзін үнемі бір сұрақ мазалағанын айтты.

«Неліктен кей адамдарда ауру бір жылдан кейін екі есе күшейіп – қайта оралады, ал кейбіреулері ондаған жылдар бойы өмір сүреді? Неліктен бірінші сатыдағы ауруы бар әйел бір айдың ішінде жағдайы күрт нашарлап кетеді, ал төртінші сатыдағы науқас немерелерін бағып, ұзақ жылдар өмір сүреді? Мен хирургтің қолғабын шешіп, тергеушінің қолғабын кидім.Мен тек: «Қай жеріңіз ауырады?» деп сұрауды қойдым. Оның орнына: «Денеңізден «түйінді» тапқанға дейінгі алты ай ішінде өміріңізде не болды?» деп сұрай бастадым. Сол кезде алдымнан қорқынышты картина ашылды. Он жағдайдың тоғызына жуық жағдайда ауру басталар алдында науқастың өмірінде физикалық емес, жан дүниесіне қатысты үлкен күйзеліс болған. Мысалы, ауыр ажырасу немесе сатқындық, жақын адамынан айырылу, бірақ оны іштей қабылдап, жібере алмау. Ата-анасына немесе балаларына деген терең, жанды жегідей жейтін өкпе-ренішті жылдар бойы іште сақтау. Бұл жай ғана философия немесе эзотерика емес», – дейді Салауат Ешимов.

«Ғылыми мақала дайындап жатырмын»

Ол тек нақты деректерге сенуге үйренген дәрігер ретінде талдау жүргізген.

«Науқастардың ауру тарихтарын қарап, күйзеліс жағдайларының болған уақытын ісіктердің пайда болған мерзімімен салыстырдым. Статистика бұл байланысты айқын көрсетті. Менің математикалық есептеулерімдегі p-value көрсеткіші олардың арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетті және бұл нәтиже абсолютті дәлелге жақындады. Қазір осы деректерді ғылыми мақалаға дайындап жатырмын, бірақ пациенттерге бұл туралы қазірдің өзінде айтпауға хақым жоқ деп ойлаймын. Ғылыми мақала жарық көргенше, адамдарға өмірін сақтап қалуға көмектесу керек», – дейді хирург.

«Дене жанның үнсіз қалғаны туралы айқайлайды»

Ол қатерлі ісіктің тек орындаушы екенін түсінгенін айтты.

«Ісік – орындаушы, ал тапсырыс беруші – созылмалы күйзеліс. Бұл – тәулік бойы қанға бөлініп тұратын кортизол. Ол иммундық жүйені әлсіретіп: «Қорғаныс өшірілді. Шабуыл жасауға болады» деген белгі береді. Біз, дәрігерлер, орындаушыны ота жасап алып тастаймыз, бірақ егер «Тапсырыс беруші» – сіздің өкпе-ренішіңіз, қорқынышыңыз немесе уытты ортаңыз бостандықта қала берсе, ол жаңа «өлтірушіні» жалдайды. Мен қатерлі ісіктен емес, мұң мен торығудан өмірден өткен пациенттерді көрдім. Сондай-ақ, метастаздары ота жасауға келмейтін, бірақ жауларын кешіріп, өздері үшін өмір сүре бастағаннан кейін жағдайы жақсарған адамдарды да көрдім.қазіргі уақытта мен тек скальпельмен ғана емдемеймін. Мен сіздерге «Тапсырыс берушіні» өзіңізге қарсы «оқ атқанға» дейін тауып, оны залалсыздандыруды үйреткім келеді. Болашақ медицинасы – тек химиялық терапия мен ота емес. Бұл – психонейроиммунология. Бұл – дененің ешқашан өтірік айтпайтынын түсіну. Ол тек жанның үнсіз қалғаны туралы айқайлайды», – дейді ол.

 

Back to top button