Ұлдана Мырзуан ісі: сараптама Астанадағы үйдің опырылу қаупі болғанын растады
Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта қайғылы оқиға болған тұрғын үйдің техникалық жағдайына жасалған сараптама қорытындысы жарияланды. Мамандар ғимаратта жылдар бойы қордаланған құрылыс ақауларын анықтап, кейбір кемшіліктер үйдің опырылуына тікелей қауіп төндірген деген қорытындыға келген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақаулар үй салынған кезден басталған
Сот қылмыстық істің алтыншы және жетінші томдарын зерттеуге кірісті. Онда Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тұрғын үйге жүргізілген кешенді техникалық тексеру нәтижелері қамтылған.
Сараптаманы Алматы ауданы әкімі аппаратының тапсырысы бойынша «Астана Технодзор» ЖШС жүргізген.
Мамандардың қорытындысына сәйкес, үйдегі бірқатар ақау кейін пайда болмаған. Құрылыс конструкцияларындағы бұзылу процестері ғимарат салынған кезден басталып, жылдар өте күшейе түскен.
«Бірқатар құрылыс конструкцияларында аса қауіпті сипаттағы ақаулар мен зақымдар анықталды. Олар ғимаратты пайдалану қауіпсіздігіне төнетін жоғары қатерді тікелей көрсетеді немесе конструкциялар мен олардың элементтерінің жедел тозуына әкеледі», – делінген сараптама материалдарында.
Сарапшылар тікелей опырылу қаупін тудырған факторларды да атаған. Соның бірі – қасбет қабырғасының парапет тұсындағы кірпіш қалауының қалған бөлігін ұстап тұратын тірек элементтерінің болмауы.
Қарама-қарсы қасбеттен де кірпіш қаптамасындағы жарықтар анықталған.
«Бірінші, опырылып түсуге тікелей қауіп төндіретін фактор – қаптал қасбеті қабырғасының парапет тұсындағы қаптама кірпіш қалауының қалған бөлігін ұстап тұратын тірек элементтерінің болмауы… Қарама-қарсы қаптал қасбетіндегі кірпіш қаптамасында көзге анық көрінетін жарықтар бар», – деген сарапшылар.
Опырылған жердегі кірпіштерді зерттеу де бірқатар мәселені көрсеткен. Кірпіштердің ерітіндіге тиісті деңгейде бекітілмегені, ал қабырғаларды арматуралау кезінде жобалық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталған.
Сарапшылардың сөзінше, кейбір кірпіштердің беті опырылғаннан кейін де тегіс күйінде қалған. Бұл олардың ерітіндімен жеткілікті байланыспағанын көрсетеді.
«Қалау бөліктері опырылғаннан кейін кейбір қаптама кірпіштердің беті тегіс күйінде қалған, қуыстар ерітіндімен жеткілікті толтырылмаған. Байланыстыру әр алтыншы қатар сайын орындалған, ал норматив бойынша ол әр төртінші қатар сайын жасалуға тиіс», – делінген қорытындыда.
Бұдан бөлек, жабын плиталары астынан монолитті арматуралық белдеулер табылмаған. Қабырғалардың тоңазуы да тіркелген.
Ғимараттың қасбеті мен балкондары бойынан ені 4,15 миллиметрге дейін жететін терең тік жарықтар анықталған. Кейбір жарықтар кірпіш қалауының 8-ден 30 қатарына дейін кесіп өткен.
Сарапшылар бұл деректерді 2017 жылғы бұрынғы техникалық есептермен де салыстырған. Нәтижесінде кірпіш қаптамасының бұзылуы кездейсоқ жағдай емес деген қорытынды жасалды.
«Деформацияның даму процесі ғимарат пайдалануға берілген алғашқы кезеңнен басталған және құрылыс алаңы мен пайдалану жағдайларының кейіннен өзгеруімен байланысты емес. Сондай-ақ ол қандай да бір жергілікті құрылыс-монтаж жұмыстарының салдары болып саналмайды», – делінген сараптама материалдарында.
Ғимараттың физикалық тозуы бастапқыда 21% деп бағаланған. Алайда конструкциялардың көтергіш қабілетіне қатысты мәселелер ескерілгеннен кейін нысанның жалпы техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылған.
Үйдің құжаттары жоғалған, тұрғындар қауіп әлі сейілмегенін айтады
Сотта жарияланған материалдар тағы бір мәселені көрсетті. 2005 жылы салынған үйдің жұмыс және атқарушылық құжаттамасы түгелге жуық сақталмаған.
Уәкілетті органдардың жауабына сәйкес, сол кезде жобалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан қағаз түрінде өтіп, кейін тапсырыс берушіге қайтарылған.
Қазір үйдің одан әрі опырылуына жол бермеу үшін қауіпсіздендіру шаралары жүргізіліп, техникалық қабат металл конструкциялармен уақытша күшейтілген.
Бұған дейін сотта қайғылы оқиға болған кіреберістің тоғызыншы қабатында тұратын Халил Бабалиев те жауап берген. Оның сөзінше, ғимараттағы деформация әлі де жалғасып жатыр, ал жарықтарға орнатылған бақылау маяктары жарылған.
Тұрғын қазір үйдегі белсенді жөндеу жұмыстары тоқтап тұрғанын да айтқан. Ғимаратқа қорғаныш торы мен қалқа орнатылып, опырылған жер уақытша бітелген.
«Әкімдікте бізге бюджетте ақша жоқ екенін айтып, жөндеуді «Өркен Қала» компаниясы арқылы жүргізуді ұсынды. Бірақ бұл жағдайда тұрғындар коммуналдық төлемге қосымша ай сайын 50–60 мың теңгеден төлеуге тиіс. Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен мемлекеттік қызметшілер үшін бұл – көтере алмайтын сома. Сондықтан бүкіл үй болып бұл шарттардан бас тарттық», – деді Бабалиев.
Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Қылмыстық іс материалдарын зерттеу келесі отырыста жалғасады.