ЕрекшеЭкономика

Қазақстан Қашағанды игеруден шетел инвесторына қарағанда үш есе аз пайда тапты

Қазақстанның Қашағанда мұнай өндіруден, салықтарды қоса есептегендегі жалпы пайдасы кен орнын игеріп жатқан шетелдік инвесторлардың таза табысынан үш есе төмен болды. Бұл есептерді мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов өзінің Energy Monitor телеграм-арнасында жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысында Қашағаннан түскен табыстың қомақты бөлігі NCOC-ке кеткен (негізгі инвесторлар — Eni, Shell, Exxon Mobil, TotalEnergies).

Мұнай, газ және күкірт сатудан түскен жалпы түсім 11 миллиард доллардан асқан, оның 80%-ы келісімшарт шарттарына сәйкес NCOC-тің капитальдық және операциялық шығындарын өтеуге жұмсалады. Алайда қалған 20%-дың да басым бөлігі Қазақстанға емес, шетелдік компанияларға тиесілі.

«Бұл 20% “пайдалы мұнай” (Profit Oil) деп саналады, оның 2024 жылғы табысы 2,2 миллиард долларды құрады. Егер республика үлесі Profit Oil-де 10% болса, онда ақша түрінде Қазақстанға 220 миллион доллар тиесілі. Бұл цифр PSA деректерімен дәл сәйкес келеді. NCOC операторы төлеген барлық салықтарды — 2024 жылы 430 миллион доллар — қосайық. Сонда Қазақстан Қашағаннан 650 миллион доллар алса, Қашаған акционерлері екі миллиард доллар пайда тапқан. Логика мен әділдік бойынша керісінше болуы керек емес пе еді?» — деді Жұмағұлов.

11 миллиард долларлық жалпы түсімді есепке алсақ, Қашағаннан Қазақстанның үлесі бар болғаны 6%-ды құрайды. Сарапшының айтуынша, бұл — әлемдегі ең төмен көрсеткіш. Дегенмен, егер Қашаған акционерлерінің бірі болып табылатын «ҚазМұнайГаздың» (үлесі — 16,88%) пайдасын есептесек, сандар жоғарырақ болады. Бірақ соған қарамастан, бұл келісім Қазақстан үшін тиімсіз көрінеді.

«Республика үлесі пайдалы мұнайда үш миллиард баррель қашағандық мұнай өндірілгенге дейін қазіргі деңгейінде қалады. 10 жылда біз тек алғашқы бір миллиард баррельді ғана өндірдік. Үміт акционерлердің жақын арада 30% мөлшеріндегі табыс салығын төлей бастауында. Әзірге ҚМГ Қашағаннан түскен пайдадан корпоративтік табыс салығын төлей бастады, бірақ әзірше бар болғаны 45 миллион доллар», — деп түйіндеді Нұрлан Жұмағұлов.

Бұған дейін Қашағаннан түскен пайданың 98%-ы кен орнын игеріп жатқан шетелдік инвесторларға кететіні туралы жарияланымдар қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Қазақстанға тиетін екі пайыз жалпы көлемнің бестен бір бөлігін құрайтын пайдалы мұнайға жатады.

Back to top button