$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
ЖаңалықтарОқиға

Алматы әуежайында FlyArystan ұшағы өртенді

Қазіргі уақытта әуе кемесі уақытша пайдаланудан шығарылды.

Қазақстандық FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Алматы халықаралық әуежайында өртенді. Бұл ақпаратты Air Astana компаниясының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға бүгін, 28 тамыз күні, жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде болған.

Өрт жедел сөндірілді

Компанияның мәліметінше, техникалық жұмыстар барысында жергілікті сипаттағы өрт шыққан. Әуежайдың төтенше жағдайлар қызметі өртті қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірген.

Оқиға салдарынан Air Astana тобының бір қызметкері жарақат алды. Оған медициналық көмек көрсетіліп, кейін ауруханадан үйіне жіберілген.

Жолаушылар болмаған

Оқиға кезінде ұшақ ішінде жолаушылар да, экипаж мүшелері де болмаған.

Қазіргі уақытта әуе кемесі уақытша пайдаланудан шығарылды. Мамандар ұшақтың зақымдану деңгейін бағалап, оны қалпына келтіру үшін қажет жөндеу жұмыстарының көлемін анықтап жатыр.

Тексеру жүргізілуде

Қазіргі уақытта Air Astana компаниясы мен Алматы халықаралық әуежайы оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button