
Шымкентте кісі қолынан аса қатігездікпен өлтірілген бойжеткен Нұрай Серікбайдың ісі бойынша тағы бір сот процесі басталады. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында оның ағасы Сұлтан Серікбай мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сұлтан Серікбай кейінгі кезде әлеуметтік желілерге шықпай кеткенін қатты ауырып қалғанымен түсіндірді. Дәрігердің айтуынша, бұл күйзелістің салдары болуы мүмкін. Қазір тиісті ем қабылдап жатыр.
«Сот процесі аяқталғанына екі аптадай уақыт өтті. Осы аралықта біраз ой түйдік. Алайда, өкінішке қарай, Қазақстанның басқа өңірлерінде де қайғылы жағдайлар қайталанып жатыр. Семейде он екі рет пышақталған кішкентай қыздың басынан өткен жағдай, сондай-ақ Жамбыл облысындағы жағдай шынымен де жүректі ауыртады. Қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтамын. Сіздерге тек әділдік тілеймін. Бір-біріңізге демеу, мықты болыңыздар», – дейді ол.
Сұлтан Серікбай осындай жайттардың қайталануы – дер кезінде құқық қорғау әрекет етпеуі дейді.
«Біздің жағдайда бұл – тергеушінің әрекеті. Алда тергеушінің соты болады. Оны да толық көрсетеміз. Ал өз ісімізге келетін болсақ, алда апелляция, одан кейін кассация бар. «Қара бүркітке» дейін (түрме) біз болуымыз керек. Сондықтан сот процесінің барлық кезеңін соңына дейін бақылап, істі аяғына дейін жеткізуіміз керек», – дейді Сұлтан Серікбай.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған. Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап еткен еді.
Прокурор соттан Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот шешімімен Нұрай Серікбайды пышақтап өлтірген Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.