Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда үш ауыл таза сумен қамтылды

Қаратөбе ауданына қарасты Төлен, Сәуле және Қарақамыс елді мекендеріне жаңа тармақ өткізіп, магистральдық сумен жабдықтау жүйесін салу жұмыстары толық аяқталды. Осыған орай Сәуле ауылында өткен салтанатты шараға аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, аудан басшылығы және ауыл тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz БҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі жиналғандарды маңызды нысанның іске қосылуымен құттықтап, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мемлекет саясатының басым бағыты екенін атап өтті.

Фото: БҚО әкімдігі

Нариман Төреғалиев Президенттің тікелей тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер әлеуметтік салаға, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталып жатқанын, бүгінгі жоба соның бір мысалы екенін жеткізді.

Фото: БҚО әкімдігі

“Су – тіршілік нәрі. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Қаратөбе ауданы 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жалпы облыс халқы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен толық қамтылған. Ендігі міндет – тіршілік нәрін үнемді пайдалану. Президент атап өткендей, қоғамның әр мүшесі, әр отбасы су тұтыну мәдениетін сақтауы тиіс. Жас ұрпақты осы бағытта да тәрбиелеуіміз керек. Бүгінгі қуаныш құтты болсын, ауыл ажарлана берсін!” – деді Нариман Төреғалиев.

Жоба аясында үш елді мекенге жаңа тармақ тартылып, магистральдық сумен жабдықтау жүйелері салынды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталып, 2026 жылдың тамызында аяқталды. Жобаның жалпы құны 2,2 млрд теңгені құраса, оның 80 пайызы арнайы қордан, яғни мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен бөлінді.

Фото: БҚО әкімдігі

Салтанатты рәсімде сөз алған еңбек ардагерлері тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жасалған нақты қадам үшін мемлекет, өңір басшылығына жерлестері атынан алғысын айтты.

Фото: БҚО әкімдігі

Айта кетейік, жаңа жүйенің іске қосылуы нәтижесінде үш елді мекендегі 1675 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Back to top button