Ердоған Тоқаевты Түркияға шақырды

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстанда бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Әңгіме барысында екі елдің стратегиялық серіктестігін нығайту, парламентаралық байланысты жандандыру және алдағы жоғары деңгейдегі кездесулер мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Режеп Тайип Ердоған Қазақстанда өткен бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын елдің саяси дамуындағы маңызды оқиға ретінде бағалады. Түркия Президентінің пікірінше, тарихи сайлау Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендеуіне серпін береді.
Осы ретте Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауы мен жылы лебізі үшін Түркия Президентіне алғыс айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сайлау барысын бақылауға қатысқан халықаралық ұйымдар құрамындағы түркиялық байқаушылар миссиясының белсенділігін атап өтті.
Президент Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың түпкі мақсаты озық, заманауи әрі әділетті мемлекет құру екенін жеткізді.
Тоқаев Ердоғанның Түркияға шақыруын қабыл алды
Президенттер екі ел арасындағы мызғымас достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікке негізделген қарым-қатынастың қазіргі даму қарқынына оң баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның биыл мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызына ерекше тоқталды. Тараптар сол келісімдерді жүйелі жүзеге асыру екіжақты байланысты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретініне назар аударды.
Телефон әңгімесі барысында мемлекет басшылары алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін де талқылады. Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты биыл Түркияда өтетін жоғары деңгейдегі бірқатар кездесуге қатысуға шақырды.
Қазақстан Президенті бұл шақыруды ықыласпен қабыл алды.