ЖаңалықтарПікір

«5 жыл бойы тек «рассрочкаға» тамақ алған»: Психолог дағдарыс орталығынағы қыз-келіншектер туралы айтты

Астанадағы дағдарыс орталықтарының біріндегі психологы Назерке Көкебаева Tizgin.kz тілшісіне әйелдер не себепті жылдар бойы қорлыққа шыдайтыны, аталған орталықта жатқан қыз-келіншектердің тағдыры туралы айтты.

Бұл жерге келетін әр әйелдің жағдайы – ауыр

«Дағдарыс орталығына әйелдер көп жағдайда ең соңғы шешім ретінде келеді. Бұл жерге келмес бұрын олар ата-анасынан, ағайын-туысынан, достарынан көмек сұрайды. Үйінен бірнеше рет кетіп, барлық есіктер ол үшін жабылған кезде дағдарыс орталығына келеді. Бұл жерге келген әйелдердің бәрінің жағдайы өте ауыр күйде болады», -дейді Назерке Көкебаева.

Әйел неге өзіне күш көрсеткен жолдасына қайтып орала береді

Ол әйелдер не себепті өзінің өміріне қауіп төндіретін ер адамға қайтып оралатыны туралы айтты.

«Олар өзін күйеуінен басқа ешкімге керек емес болып сезінеді. Оларда таңдау жоқ. Оларда баратын жер жоқ. Жолдасы алдымен әйелді ең жақын құрбыларымен араластырмай қояды. «Сені қызғанам» деген сияқты махаббат жолымен келеді. Біз махаббатты – қызғаныш деп, қызғанышты – махаббат деп ойлаймыз, бірақ олай емес қой. Уақыт өте келе әйелді бауырларымен, одан кейін жұмысқа шығармай қояды. Ең соңында ата-анасымен араластырмай қояды. Сол кезде әйел өзін күйеуінен басқа ешкімге керегі жоқ адамдай сезінеді, сондықтан оңай шешім қабылдап, кете сала алмайды», – дейді ол.

«26 жаста, 14 млн несиесі бар»

Маман қазіргі уақытта экономикалық зорлық көп орын алып жатқанын айтты.

«Зорлық-зомбылықтың түрлері көп. Соның ішінде қазір экономикалық зорлық өршіп тұр. Біздің орталыққа 2 баласы бар 26 жастағы келіншек келді. Ол бала күтімімен үйде отырса да өзінің атында 14 миллион теңге несиесі бар. Күйеуі екеуі несиеге көлік алып, оны төлей алмай қалған. Ажырасқан жағдайда ол несиені екеуі теңдей бөліп төлейді, бірақ балалы-шағалы жап-жас келіншек үшін 7 миллион теңге несие төлеу оңай ма?», -дейді ол.

«Сол үйден сүйегің шықсын»

Сондай-ақ, дағдарыс орталығында тамақты Kaspi red-пен алатын әйел болғанын айтты.

«Ол 5 жыл бойы тамақты тек Kaspi red-пен алған. Күйеуі жұмыс істемейді, балалары аш. Амалсыз сондай қадамға барған. Кейін несиені несиемен жауып, қарызы 5 миллион теңгеге ұлғайған. Мұндай мысалдар өте көп. Ата-анасы «Cол үй»ден сүйегің шықсың» деп тәрбиелеген қыздар ол сөзді «Жарыңмен бақытты ғұмыр кешіп, сол үйде қартай» деген мағынада емес, «Қорлық көрсең де, өлсең де сол шаңырақта шыдап жүре бер» деп түсінеді. Дағдарыс орталығында жарты жыл психологпен жұмыс істеп, еңсесін көтеріп, жұмысқа шығып, аяғынан тұрып кеткен жандар көп», -дейді ол.

Back to top button