TOP-2ЖаңалықтарОқиға

Непалдағы су тасқынынан кейін Қазақстан азаматы хабар-ошарсыз кетті

Қазақстан азаматы туристік топ құрамында Непалдан Қытайға өткен.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непалдағы жойқын су тасқынынан кейін Қазақстан азаматының хабар-ошарсыз кеткендер қатарында екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Дипломаттар жергілікті билікпен жұмыс жүргізіп жатыр

26 тамызда мұз, тас және топырақ массасының өзенге құлауынан кейін Непалда ірі су тасқыны болды. Табиғи апат салдарынан кемінде 273 адам қаза тапты.

27 тамыз күні сағат 13:00 шамасында ҚР СІМ зардап шеккендер мен хабар-ошарсыз кеткендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлаған еді. Үш сағаттан кейін жаңа мәлімет жарияланды.

Қазақстандық туристің қайда екені белгісіз

Министрліктің алдын ала ақпаратына сәйкес, Қазақстан азаматы туристік топ құрамында Непалдан Қытайға өткен, алайда оның қазіргі қайда екені әзірге белгісіз.

Қазір хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру жұмыстары жалғасуда. Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Құрбандар саны артып жатыр

Associated Press агенттігінің мәліметінше, Непалдағы табиғи апаттан кемінде 270 адам қаза тауып, 826 адам хабар-ошарсыз кеткен.

Ал Тибетте үш адам қаза тауып, 558 адам із-түзсіз жоғалған.

Непалдың Туризм басқармасының мәліметіне сәйкес, хабар-ошарсыз кеткендердің 517-сі – шетел азаматтары, олардың ішінде 178-і Үндістан азаматтары.

Еске салсақ, бұған дейін Непалда Қытаймен шекараға жақын маңда сел жүруінен су тасқыны болғанын жаздық. Бейсенбі таңындағы мәлімет бойынша, кемінде 162 адам қаза тапқан. Жүздеген адам, оның ішінде 500-ге жуық шетелдік із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Апатты су тасқынына тау өзеніне құлаған алып мұз кесегі себеп болуы мүмкін

Back to top button