Жаңалықтар

Армения Ресейді стратегиялық серіктес деп атаудан бас тартты

Армения үкіметінің 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасында Ресеймен қарым-қатынасқа қатысты «стратегиялық серіктестік» деген тұжырым алынып тасталды. Премьер-министр Никол Пашинян Мәскеуді стратегиялық серіктес деп санамауға негіз бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

Пашинян 2022 жылғы оқиғаны еске салды

Никол Пашинян 27 тамызда Ереванда өткен баспасөз мәслихатында Армения мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік мәртебесіне күмән келтірді. Оның айтуынша, 2022 жылы қыркүйек оқиғасынан кейін екі ел арасында бұрынғы деңгейдегі қауіпсіздік серіктестігі сақталды деу қиын.

«Егер үкімет бағдарламасына қазір “стратегиялық серіктестік” деп жазсақ, онда Ресей мен ҰҚШҰ 2022 жылғы қыркүйекте қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін неге орындамады деген сұрақ туындайды», – деді Пашинян.

2022 жылы 16 қыркүйекте Армения Қарулы күштері бас штабының сол кездегі басшысы Эдвард Асрян Әзербайжан әскерінің Жермук қаласы маңында Армения аумағына 7,5 шақырымға дейін енгенін мәлімдеген еді. Ереван сол кезде Мәскеу мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын Армения алдындағы міндеттемелерін орындамады деп айыптады. Армения үкіметінің жаңа бағдарламасында Ресеймен «өзара тиімді көпсалалы ынтымақтастыққа бағытталған диалогты» жалғастыру көзделген. Құжатта екі ел арасындағы қатынас аймақта бейбітшілік орнауы, теңгерімді сыртқы саясат жүргізу және халықаралық байланыстарды кеңейту жағдайында өзгеретіні жазылған.

Пашинян Ресеймен қарым-қатынастың өзгеруін «табиғи үдеріс» деп атады. Оның айтуынша, бұған Ереван мен Баку арасында бейбітшіліктің орнауы да ықпал еткен.

Армения ҰҚШҰ-ға оралмайды, ЕО-ға өтініш бермек

Пашинян Арменияның алдағы бес жылда ҰҚШҰ жұмысына қайта араласпайтынын да мәлімдеді.

«Біз ҰҚШҰ аясындағы жұмысымызды қайта жандандыруды жоспарлап отырған жоқпыз», – деді ол парламентте үкіметтің жаңа бағдарламасын таныстыру кезінде.

Премьер-министрдің сөзінше, ұйым ішінде Арменияны мүшеліктен шығару мәселесі талқыланып жатыр. ҰҚШҰ жарғысында мұндай мүмкіндік қарастырылған.

«Егер ұйым Армения Республикасын шығару туралы шешім қабылдаса, мен бұған өте қуанамын. Бұл бізді шығу немесе шықпау туралы таңдаудан босатар еді», – деді Пашинян.

Ереван ҰҚШҰ-ға қатысуын 2024 жылғы ақпанда тоқтатқан. Сол жылдың мамырында Армения ұйымды қаржыландырудан ресми түрде бас тартты. Бұған дейін Пашинян ҰҚШҰ-ны «көпіршік одақ» деп атап, ұйымның бірқатар мүшесін Әзербайжанды қолдады деп айыптаған еді.

Сонымен қатар Армения Еуропалық одаққа мүшелікке ресми өтініш беруге дайындалып жатыр. Пашинянның айтуынша, бұл ауқымды жұмысты қажет ететін ұзақ үдеріс болғанымен, Ереван жақын арада алғашқы қадамдарды бастауы мүмкін.

Үкімет басшысы Арменияның Еуразиялық экономикалық одақта қалуы немесе Еуропалық одаққа қосылуы жөнінде референдум өткізу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Алайда мұндай дауыс беру ЕО-дан ресми жауап алынып, елдің одаққа қосылу жөніндегі жол картасы әзірленгеннен кейін ғана өтуі ықтимал.

Back to top button