Атырауда түрме қызметкерлері шатасып, басқа тұтқынды босатып жіберген

Атырау облысының тергеу изоляторында күлкілі, бірақ қылмыс құрамы бар жағдай орын алды – мерзімі аяқталған тұтқынның орнына түрме қызметкерлері шатасып, басқа адамды бостандыққа шығарып жіберген, деп хабарлайды Tizgin.kz «Ақжайық» порталына сілтеме жасап.
Дереккөз мәліметінше, мұның себебі – тегі бірдей адамдарға қатысты оқиға. Босату құжаттарын рәсімдеу кезінде онда басқа адамның деректері жазылып кеткен. Құжаттарға уақытша оқшаулағыштың бірнеше басшысы қол қойып, содан кейін «бақытты» тұтқын изолятордан шығып кеткен.
Бостандық ұзаққа созылмады: қателік анықталған соң ер адам қайтадан изоляторға қайтарылды.
ҚАЖД НЕ ДЕП АҚТАЛАДЫ
Атыраудағы бұл қателікке қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Рүстем Тұңғышбаев түсініктеме берді. Оның айтуынша, сотталған адам қазір түзету мекемесінде отыр. Қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. «Кінәлі лауазымды тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылады» деп мәлімдеді Тұңғышбаев.