Непалда Қытаймен шекараға жақын маңда сел жүруінен су тасқыны болды. Бейсенбі таңындағы мәлімет бойынша, кемінде 162 адам қаза тапқан. Жүздеген адам, оның ішінде 500-ге жуық шетелдік із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Апатты су тасқынына тау өзеніне құлаған алып мұз кесегі себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды халықаралық БАҚ-тар.
Непал мен Қытай шекарасында жойқын су тасқыны болғаннан бері бір тәулік өткен соң, Непал полициясының мәліметінше, 162 адамның мәйіті табылды. Полицияның бейсенбі күні таңертең таратқан мәлімдемесіне сәйкес, 64 адамның денесі Читван округіндегі өзеннің төменгі ағысында орналасқан аудандардан, тағы 26 адамның денесі Шығыс Навалпараси аймағынан табылған.

Әлі күнге дейін қайда екені белгісіз жүздеген адамның арасында 28 полиция қызметкері бар.
Сәрсенбі күні күндіз, оқиғадан бірнеше сағат өткен соң, Непал полициясы 579 туристің із-түзсіз жоғалғандар қатарында екенін мәлімдеді. Олардың 466-сы – әлемнің 28 елінен келген шетелдік азаматтар. Жоғалғандардың арасында Непалдың жүзден астам тұрғыны, Үндістанның да сонша азаматы, сондай-ақ АҚШ-тың 54 және Ұлыбританияның 33 азаматы бар. Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі олардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ деп хабарлаған еді.
Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Тибетте кемінде үш адам қаза тауып, 265 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Кешке Украина Сыртқы істер министрлігі Непалда кемінде 53 украиналық туристің жоғалып кеткенін хабарлады.

«Сыртқы істер министрлігіне бүгін таңертең табиғи апат аймағындағы Украина азаматтарынан құралған 46 адамдық туристер тобымен байланыс үзілгені туралы өтініш түсті. Непалдың туристік полициясы ұсынған қазіргі мәліметке сәйкес, апат салдарынан Украина азаматтарының 53-і із-түзсіз жоғалғандар қатарында», – деп хабарлады сыртқы саяси ведомство BBC-дің Украина қызметіне.
Сонымен қатар министрлік қаза тапқандар немесе зардап шеккендер тізімінде Украина азаматтарының бар-жоғы туралы ақпарат жоқ екенін атап өтті.
