Оралдағы тойда болған төбелестен соң полиция қылмыстық іс қозғады
Әлеуметтік желіде тойдағы төбелестің видеосы жарияланып, оған «Тентек кәде» деген жоралғы себеп болғаны жазылды.
Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті бейнежазбада көрініс тапқан азаматтардың жеке басы анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы бақылауға алынды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жазылған хабарламада.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде тойдағы төбелестің видеосы жарияланып, оған «Тентек кәде» деген жоралғы себеп болғаны жазылды. Видеодан той болып жатқанын, құдалар бір-біріне қарама қарсы тұрғанын көруге болады. Ер адамның бірі кеудесін керіп, әлдене түсіндіріп тұрса, екінші адам оның бетінен жұдырықпен бір ұрып, құлатты.
«Ұлыңызды ұяға, қызыңызды қияға қондыратын жастасыз ба? Орал жақпен құда болсаңыз «Тентек кәде» атты жоралғыдан байқастарсыз. Жаңа құданы ауылдың жындыбастары ақшаға сындыратын «дәстүр» бар екен. Түбі қайдан шыққаны өзіме беймәлім, бірақ мына тойда екі тарап та артық кеткен секілді», – деп жазды журналист Айсұлтан Жақыпов әлеуметтік желіде.