Жүз жасаудың құпиясы неде: ғалымдар иммундық жүйеден маңызды белгі анықтады
110 жастан асқан адамдардың ағзасынан сирек иммундық жасуша табылды

Жапон ғалымдары 100 жастан асқан адамдардың иммундық жүйесінен сирек кездесетін ерекшелік анықтады. Зерттеуге сәйкес, жасы ұлғайған сайын ағзадағы қауіпті және қартайған жасушаларды жоюға қатысатын CD4 CTL жасушаларының үлесі арта береді. Бұл құбылыс ұзақ әрі сау өмір сүрудің бір тетігі болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Еуроньюске сілтеме жасап.
Сирек жасушалар 100 жастан кейін көбейеді
Осака университетінің ғалымдары 28 адамның қан үлгісін зерттеген. Қатысушылар жасына қарай үш топқа бөлінді: 70-99 жас, 100–109 жас және 110 жастан асқандар.
Талдау нәтижесінде CD4 цитоуытты Т-лимфоциттерінің үлесі адамның жасы ұлғайған сайын көбейетіні анықталды. 70–99 жастағы адамдарда бұл жасушалардың медианалық үлесі барлық Т-жасушаның 4 пайызын құраған. 100–109 жастағыларда көрсеткіш 9,6 пайызға, ал 110 жастан асқандарда 17,6 пайызға жеткен.
CD4 CTL – иммундық жауапқа қатысатын сирек Т-жасушалар. Олар ағзаға төнген қатерді анықтап қана қоймай, зақымданған немесе қауіпті жасушаларды тікелей жоюға қабілетті.
Зерттеудің жетекші авторы, Осака университетінің доценті Косуке Хасимотоның айтуынша, аса ұзақ жасаған адамдарда бұл жасушалардың күрт көбеюі иммундық жүйенің егде жаста қалай сақталатынын түсінуге мүмкіндік береді.
«Жекелеген Т-жасушалардың таңдамалы түрде көбеюі иммундық жүйенің аса егде жаста да жасқа байланысты өзгерістерге бейімделу қабілетін жоғалтпайтынын көрсетеді», – деді ғалым.
Зерттеу нәтижелері Cell Reports журналында жарияланды.
Бұл ұзақ өмір сүрудің дәлелденген себебі ме
Ғалымдардың болжамынша, CD4 CTL жасушалары ағзада жиналатын қартайған жасушаларды жоюға және ісіктерге қарсы иммундық бақылауды күшейтуге көмектесуі мүмкін. Зерттеу кезінде олардың молекулалық рецепторлары өкпе, сүт безі және бауыр қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардан табылған кейбір Т-жасушалардың рецепторларына ұқсас болған.
Алайда зерттеуге қатысқан ұзақ жасаған адамдардың ешқайсысына аталған қатерлі ісік түрлері диагнозы қойылмаған. Осыған сүйенген мамандар бұл жасушалар ісікті клиникалық белгілері пайда болмай тұрып танып, оған қарсы әрекет етуі ықтимал деген болжам ұсынып отыр.
Дегенмен зерттеу CD4 CTL жасушалары қатерлі ісіктің алдын алатынын немесе адам өмірін тікелей ұзартатынын дәлелдемейді. Ғалымдар әзірге қандағы Т-жасушаларды ғана зерттеген әрі қатысушылар саны шектеулі болған.
Зерттеу тобының келесі мақсаты – бұл жасушалардың адам тіндерінде қалай әрекет ететінін және нақты қандай нысандарға қарсы күресетінін анықтау. Сондықтан ғалымдардың жаңалығы ұзақ өмір сүрудің дайын формуласы емес, иммундық жүйенің 100 жастан кейін де әлсіремей, қайта бейімделуі мүмкін екенін көрсететін маңызды ғылыми белгі саналады.