ЕрекшеЖаңалықтар

«20 жыл бұрын ашылған жаңалық»: Қазақстан ғалымы Плутонға қатысты тың деректі бөлісті

Плутонның Харон атты «серігі» гравитациялық тұрғыдан Плутонға басымдық бермейді.

Физика-математика ғылымдарының кандидаты Бақытғали Рахашев әлеуметтік желіде 24-тамыз күнімен байланысты қызық фактімен бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұрын «Күн жүйесінде 9 планета бар» деп оқытты

«Біз мектепте, кейін ЖОО-да оқып жүргенде «Күн жүйесінде 9 планета бар» деп айтатынбыз (оқулықтарда солай берілетін). Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2006 жылғы 24 тамызда Халықаралық астрономиялық Одақтың Бас ассамблеясында дауыс беру арқылы «планета» ұғымына нақты анықтама беру туралы шешім қабылданды. Сол жолы Плутонды планета деп тануға мүмкіндік беретін анықтамалар болашақта Күн жүйесіндегі планеталар санының едәуір артып кетуіне әкелетіні анықталды», – деп жазды Бақытғали Рахашев.

Күн жүйесінде 8 планета бар деп саналады

Ол планетаны анықтамасын жазды.

«Планетаға мынадай анықтама берілді: «Планета – Күнді айнала қозғалатын аспан денесі (бұл талап планеталардың серіктерін планета қатарынан алып тастау үшін енгізілді). Ол шар тәрізді пішінге ие болуы керек (яғни оның массасы өз тартылыс күшінің әсерінен тепе-теңдікке барынша жақын пішінге келетіндей жеткілікті болуы тиіс); сондай-ақ ол өзінің тартылыс күші арқылы орбитасының маңайындағы кеңістікті басқа ірі аспан денелерінен тазартқан болуы керек. Бұл анықтамаға сәйкес Күн жүйесінің немесе басқа планеталық жүйенің өзі қозғалып жүрген аймағында ол басқа аспан денелерінен гравитациялық тұрғыдан басым болуы тиіс. Плутон дәл осы анықтаманың үшінші талабына сәйкес келмейді, өйткені Плутонның Харон атты «серігі» гравитациялық тұрғыдан Плутонға басымдық бермейді. Сондықтан 2006 жылдың 24- тамызынан бастап Күн жүйесінде 8 планета бар деп саналады. Плутон планета санатынан шығарылып тасталды», – деп жазды ол.

Оқырмандар бұған қатысты әртүрлі пікір жазды.

«4 сынып оқитын балам айтқанда мән бермеген едім, баламнан ұялып отырмын, балам дұрыс айтқан екен»,

 

«Географияда атлас қолданғанда Плутон тұратын еді, бірақ мұғалім әр жылы сол сабаққа келгенде Плутон планеталар қатарынан шығарылған деп түсіндірмей өтіп кететін»,

 

«Ашылғаннан бері бір ретте айналып үлгермеген.  Жақында 100 жыл болады екенгой. Жартысына жетеді екен жолының», – деп жазды оқырмандар.

Back to top button