Экономика

«Шығын болады»: министр Ресей Қазақстан мұнайын жеткізу бағытын өзгертсе тәуекел туындайтынын айтты

Энергетика министрлігі Ресей Қазақстанның Балтық теңізіндегі Усть-Луга порты арқылы жөнелтілетін мұнайын Новороссийскіге бағыттағалы жатыр деген ақпаратты Мәскеуден ресми түрде алмаған. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұған дейін Ресей тамыз айының соңынан бастап Қазақстанның Усть-Луга арқылы экспортталатын мұнайын Балтық теңізіндегі Новороссийск бағытына ауыстыруы мүмкін деген ақпарат тараған.

Tizgin.kz тілшісі министрден бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін, мұндай шешім Қазақстанмен алдын ала келісілген-келісілмегенін және экспорт бағыты өзгерген жағдайда оның ел үшін қандай экономикалық салдары болуы мүмкін екенін сұрады.

Ақкенженовтің айтуынша, Қазақстан әзірге Ресей тарапынан мұндай өзгеріс туралы ресми хабарлама алмаған.

«Біз осындай ақпаратты ресми түрде Ресей тарапынан алған жоқпыз. Усть-Луга портын күнделікті пайдаланып отырмыз. Біздің мұнай көлемдеріміз Усть-Луга арқылы, Новороссийск арқылы жөнелтіліп жатыр. Ол бізге жаңа емес. Біз барлық инфрақұрылымды білеміз», – деді министр.

Оның сөзінше, Ресей тарапынан ресми ұсыныс немесе ақпарат келіп түссе, Қазақстан оны қарастырып, тиісті шешім қабылдайды.

«Ешқандай ресми ақпарат алған жоқпыз. Бірақ осындай ақпарат келсе, біз оны міндетті түрде қарастырып, жауабын береміз», – деді Ақкенженов.

Новороссийск бағыты несімен тиімді

 Министр екі порттың Қазақстан үшін маңызын Румыниядағы мұнай өңдеу активтеріне мұнай жеткізу логистикасы арқылы түсіндірді.

Қазақстанның Румынияда Rompetrol тобына тиесілі мұнай өңдеу активтері бар. Оларға қазақстандық мұнайды Қара теңіз арқылы жеткізуде Новороссийск географиялық тұрғыдан қолайлы бағыт саналады.

Ақкенженовтің айтуынша, мұнайды Новороссийск арқылы Румынияға жөнелту логистиканы жеңілдетеді. Ал дәл осы көлемдерді Балтық теңізіндегі Усть-Луга арқылы тасымалдау қажет болса, танкерлерге Еуропаны айналып өтуге тура келеді. Бұл қосымша шығынға әкелуі мүмкін.

«Біздің мұнайымызды Новороссийск арқылы Қара теңізбен Румынияға жіберіп отырмыз. Ал Усть-Луга портына біздің мұнайымыз көшсе, бірқатар тәуекел туындайды. Новороссийск арқылы жөнелту оңай жол болып саналады, ал Усть-Луга арқылы болса, айналып келуіміз керек болады. Сондықтан бірқатар шығын болады деп ойлаймын», – деді министр.

Back to top button