Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов көрші елдерден келіп, Қазақстаннан бензин мен дизель отынын әкететін “жанар-жағармай туристеріне” шектеу қойылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“БАҚ-қа тараған ақпараттарға қарағанда, Ресей тағы да жанар-жағармай дағдарысымен бетпе-бет келген. Көптеген өңірінде бензин, жанармай жетпей жатыр. Біздің елде қазір егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Бізде бұл салада жағдай қалай?” деп сұрады журналистердің бірі үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында министрден.
Министрдің мәліметінше, Қазақстанда жанар-жағармай бойынша жағдай тұрақты. Қазіргі жалпы жиынтық қор 1,1 млн тоннаға (бензин мен дизель отыны) жеткен.
“Көрші елде не болып жатқанын ескере келе Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарын 2027 жылдың көктеміне ауыстырдық. Көрші елдерге қарағанда бензин мен жанармай бағасы біздің елде арзан екенін түсінеміз. Жанар-жағармай туризмі деген бар. Әлбетте, ЕАЭО аумағында болғандықтан, біз өз шекарамызды жаба алмаймыз. Туристердің кез келгеніне келмеңдер деп шектей алмаймыз. Сондай шешім қабылдадық. Бұл – ішкі қауіпсіздік қана емес, жауапкершілік те”, – деді ол.
Ресейдені бензин тапшылығы
Украина әскері Ресейдің бірнеше мұнай зауыттарын дрондармен атқылап, істен шығарған. осы себепті Ресей үкіметі шетелден бензин сатып алатын мұнай компанияларына субсидия беруді көздейтін салық кодексіне түзетулер әзірледі. Ресейдегі бензин тапшылығы ішкі тұтыну көлемінің шамамен 20 пайызына жетіп отырғанын бұған дейін DW хабарлаған еді.
Ресей билігі елдегі жанармай тапшылығын жабу үшін Үндістаннан бензинді жаппай импорттауды жоспарлап отыр.