Қазақстан Үкіметі 2027-2029 жылдары Ұлттық қордан жалпы 5 трлн теңге нысаналы трансферт алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үкіметтің есебіне сәйкес, 2027 және 2028 жылдары Ұлттық қордан бюджетке жыл сайын 2 трлн 430 млрд теңгеден кепілдендірілген трансферт түседі. 2029 жылы оның көлемі 2 трлн теңгеге дейін төмендейді.
Бұдан бөлек, қордан нысаналы трансферт алу да жалғасады. 2027 жылы аса маңызды нысандар мен елдік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға 2 трлн теңге, ал 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңгеден бөлу қарастырылған.
«Кепілдендірілген трансферт бюджет ережесін ескере отырып 2027–2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге және 2029 жылы 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Сондай-ақ аса маңызды нысандар мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028–2029 жылдары әр жылға 1,5 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған», – деді Серік Жұманғарин.
Ұлттық қордан ақша алынады, бірақ активтері өсуі тиіс
Үкімет Ұлттық қордан бюджетке триллиондаған теңге бағытталғанына қарамастан, қордағы жинақ көлемі алдағы үш жылда ұлғаяды деп болжап отыр.
Базалық сценарий бойынша Ұлттық қорға түсетін жалпы түсім 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге, ал 2029 жылы 5,7 трлн теңге болады.
Таза түсім де жыл сайын ұлғаюы тиіс. 2027 жылы ол 0,5 трлн теңге деңгейінде болжанса, 2028 жылы 1,4 трлн теңгеге, 2029 жылы 2 трлн теңгеге жетеді деп күтіледі.
Соның нәтижесінде Ұлттық қордың валюталық активтері 2027 жылғы 65,2 млрд доллардан 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін өсуі мүмкін.
Сонымен қатар Үкімет бюджет тапшылығын айтарлықтай қысқартуды көздеп отыр. 2027 жылы тапшылық жалпы ішкі өнімнің 2,3%-ына тең болса, 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендеуі тиіс. Мұнайдан тыс тапшылық та осы кезеңде ЖІӨ-нің 5,3%-ынан 2,5%-ына дейін қысқарады.
Республикалық бюджеттің шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңге болады. 2028 жылға 29,4 трлн, 2029 жылға 29,6 трлн теңге шығыс жоспарланған.
Экономика үш жылда 245 трлн теңгеге жетпек
Үкіметтің Ұлттық қорға қатысты есебі экономиканың алдағы үш жылда тұрақты өсетіні туралы болжамға сүйенеді.
Жұманғариннің айтуынша, сыртқы нарықтағы тәуекелдер сақталғанымен, 2027–2029 жылдары Қазақстан экономикасының нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары болады деп күтіледі.
«Сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда. Базалық нұсқаға сәйкес 2027–2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5%-дан жоғары деңгейде болжануда», – деді министр.
Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Үкімет бұл өсімді негізінен мұнайдан тыс секторлар қамтамасыз етеді деп отыр.
Өңдеу өнеркәсібінің қарқыны тау-кен секторынан жоғары болады. Негізгі үлесті металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия және тамақ өнеркәсібі қосады. Ауыл шаруашылығының орташа жылдық өсімі кемінде 5% деңгейінде болжанған.
Құрылыс саласындағы өсім 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін жеделдеуі мүмкін. Көлік және қоймалау саласында жылына орта есеппен 10,4%, ақпарат және байланыста 9,2%, саудада 5,7% өсім күтіледі.
Үкімет инфляцияны 2027 жылы 7,5–9,5% дәлізінде болжап отыр. 2028–2029 жылдары көрсеткіш 6–8%-ға дейін төмендеуі тиіс.
Экономиканың осы көрсеткіштеріне сүйенген Үкімет республикалық бюджет кірісі 2027 жылғы 19,9 трлн теңгеден 2029 жылы 23,4 трлн теңгеге дейін өседі деп есептеп отыр.