Өскелең ұрпаққа үлгісіз – Президент ақын Марфуға Айтхожаны мерейтойымен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Марфуға Айтхожаға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақ поэзиясының өрісін кеңейткен қаламгер
Президент Марфуға Ғалиқызын 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, оның ұлттық әдебиет пен мәдениетке сіңірген еңбегіне жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның ғибратты ғұмырын қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге арнағанын атап өтті. Мемлекет басшысы Марфуға Айтхожаның көрнекті ақын, қоғам қайраткері және ерекше дарын иесі ретінде халық құрметіне бөленгеніне назар аударды.
«Қазақтың жыр Аққуы»
Президент құттықтауында ақын шығармаларының негізгі өзегіне айналған ұлттық құндылықтарға тоқталды.
“Қазақтың дархан даласы мен тамыры терең тарихын, ұлтымыздың ынтымақ-бірлігі мен салт-дәстүрін өршіл де сыршыл өлеңдеріңізге арқау еттіңіз. Оқырман қауым жырларыңызды сүйсініп оқиды және өзіңізді «Қазақтың жыр Аққуы» деп ардақтайды. Алдағы уақытта да өнегелі өміріңізбен өскелең ұрпаққа үлгі болып, ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін, – делінген құттықтауда.