Риддерде жолға тартылған арқаннан 13 жастағы қыз көз жұмды
Риддерде екі жасөспірім мінген мотоцикл ат байланған арқанға соғылды. Салдарынан мото тізгініндегі 13 жастағы қыз оқиға орнында көз жұмып, 15 жастағы жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Арқан мотоциклдің жолын кесіп жатқан
Қайғылы оқиға 23 тамыз күні кешкі уақытта болған. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, 13 жастағы жасөспірім спорттық мототехниканы басқарып келе жатқан. Тұрғын үй маңындағы бағанаға ат байланған. Оны байлаған арқан жасөспірімдер келе жатқан жолдың үстімен созылып жатқан.
«Алдын ала анықталғандай, жасөспірім тұрғын үйдің жанындағы бағанаға ат байланған арқанға соғылып, өлімге әкелген жарақат алған. Көлікті басқарған қыз оқиға орнында көз жұмды. 15 жастағы жолаушы медициналық мекемеге жатқызылды», – деп хабарлады ШҚО полиция департаменті.
Жылқының иесі полицияға жеткізілді
Полиция кәмелетке толмаған баланың абайсызда қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Жылқының иесі анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде аттың тұрғын үй маңына қалай байланғанын және арқанның не себепті көлік жүретін тұсқа тартылып қалғанын анықтап жатыр. Тергеу барысын Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы жеке бақылауына алды.
Қыз қаза тапқан жерде Риддер тұрғындары еске алу орнын ұйымдастырды. Қала тұрғындары оқиға орнына гүл шоқтары мен жұмсақ ойыншықтар әкеліп жатыр.