TOP-1Сараптама

Қазақстанда жаңа көліктер 10 ай қатарынан арзандады: бұл уақытша құбылыс па

Қазақстанда көлік әлі де арзандай ма

Қазақстанда жаңа көлік бағасы қатарынан оныншы ай төмендеп, бір жылда 12,2%-ға арзандады. Осы уақыт ішінде автокөлік өндірісі 36%-дан астам өсіп, Қытайдан келетін импорт та ұлғайып отыр. Ал жаңа көлік сатылымы небәрі 1,7%-ға артқан. Бұл тенденция көлік бағасын одан әрі түсіре ме, әлде нарық бұл шектен кейін қайта теңесіп кете ме?

Tizgin.kz бұл мақалада көлік нарығындағы өзгерістерге үңіліп көрді.

10 айда 12 пайыз түскен

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, шілдеде жаңа жеңіл автомобильдер бір айда 1% арзандаған. Осылайша олардың бағасы қатарынан оныншы ай төмендеді. Бір жыл ішінде, яғни 2025 жылдың шілдесіндегі бағамен салыстырғанда, жаңа көліктердің құны 12,2% кеміген.

Қайталама нарықтағы қозғалыс одан да айқын. Шілдеде пайдаланылған жеңіл автомобильдер бір айда 3,8% арзандады. Бұл 2016 жылдан бергі ең үлкен айлық арзандау болып тіркелді. Қайталама нарықтағы көлік кейінгі тоғыз айдың жетеуінде арзандаған. Ал бір жылдық есепте баға 7% төмендеген.

Алайда Бірінші кредиттік бюро мен нарық сарапшылары ресми статистика мен нақты нарықтағы жағдай арасында айырмашылық болуы мүмкін екенін ескертті. Атап айтқанда, Қытайдан сұр импорт схемаларымен әкелінген жаңа автомобильдердің бір бөлігі статистикада жүрілген көлік ретінде есептелген болуы мүмкін. Сондықтан қайталама нарықтағы 3,8%-дық құлдырауға қарап барлық автомобиль күрт арзандап жатыр деп кесіп айтуға тағы болмайды.

Сұраныс қарқыны ұсыныс қарқынына ілесе алмай қалды

Қазақстанның автокөлік өндірісі 2026 жылы өте жоғары қарқынмен өсіп жатыр. Қазақстанның Автокөлік одағының мәліметінше, бірінші тоқсанда елде 45 260 техника өндіріліп, жылдық өсім 36,8% болды.
Ал нарықтағы сатылымның динамикасы бұған мүлде ұқсамайды. 2026 жылдың бірінші жартысында ресми дилерлер 105 886 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатты. Бұл өткен жылдың рекордтық көрсеткішінен небәрі 0,9% жоғары. Яғни өндіріс ондаған пайызға өскен кезде сатылым іс жүзінде өзгерген жоқ.

Бірақ бұл өндірілген көліктің бәрі нарықта сатылмай қалды» деген сөз емес. Өндіріс пен сатылымның мәліметтері экспорт, қордағы автомобильдер мен өндірістік циклдер әсерінен бір уақытта ресми есепке алынбай жатады. Бірақ екі көрсеткіштің арасындағы алшақтық нарықтағы ұсыныстың сұранысқа қарағанда жылдам өсіп жатқанын теріске шығара алмайды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикасы бойынша, Қытай брендтері де ресми нарықтағы позициясын күшейтіп жатыр. Бірінші жартыжылдықта Changan сатылымын 89,2% арттырып, 9 471 көлікке жеткізді. Chery 8 143 көлікпен 11,3% өсті, Haval 6 730 автомобиль сатты. Сонымен қатар BYD сатылымы 241,5% өсіп, 2 042 көлікке жетті.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Демек, нарықтағы бәсеке енді тек «отандық өндіруші мен импорт» арасындағы қарапайым тартыс емес. Бір жағынан Қазақстанда өндіріс көлемі өсіп жатыр, екінші жағынан Қытай брендтері мен импорттық ұсыныс күшейіп келеді. Ал сатып алушы саны дәл сондай қарқынмен көбеймеген.

Осылайша дилерлерге бұрынғыдай бағаны ұстап тұру қиындай түскен. Автомобильді ұзақ уақыт қоймада ұстап отырудың да шығыны бар. Сондықтан баға төмендету, жеңілдік беру немесе қосымша жабдықты тегін ұсыну сияқты құралдар арқылы сұранысты ынталандыруға қысым күшейіп тұр.

Өндірушілер мүддесі

Нарықтағы осы үрдіске қарамастан, «көлік енді міндетті түрде арзандай береді» деген қорытынды жасауға әлі ерте. Себебі бағаның төменгі шегін өндіріс пен импорттың өзіндік құны, салықтар, логистика, дилерлік шығындар және қаржыландыру құны белгілейді.

Оған қоса автонарықтың жалпы көлемі әлі де жоғары. Алты айда 105 886 көлік сату деген – Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазақстанның Автокөлік одағы да сұраныстың тұрақты екенін, бірақ нарық ішінде бәсекенің күшейіп, сатып алушылардың бағаға, технологияға және сервис сапасына талабы артқанын атап отыр.

Тәуелсіз автомобиль одағының басшысы Эдуард Эдоковтың айтуынша, Қазақстандағы зауыттардың жиынтық өндірістік қуаты шамамен 430 мың автомобильге жеткен. Ал ішкі нарықтың жылдық тұтыну көлемі 250 мың көлік шамасында деп бағаланады. 2025 жылы елде 234 852 жаңа автомобиль сатылған. Сарапшының пікірінше, Ресейдің кедендік шешімдерінен кейін көлік экспорты қатты тежелген. Осының әсерінен өндіріс қуат мен ішкі сұраныс арасындағы айырмашылық көлік бағасына әсерін жалғастыруы мүмкін.

Дегенмен, Эдуард Эдоковтың айтып отырғаны нақты өндіріс емес, зауыттардың жобалық қуаты ғана. Баға әрі қарай да түсе беру үшін көлік құрастырушы кәсіпорындар өндірісті одан әрі ұлғайтып, ішкі сұраныс қазіргі деңгейде қалу керек. Осы жағдайда ғана өндірушілер арасында бәсеке күшейіп баға түседі.

Back to top button