TOP-2Жаңалықтар

Ұлдана Мырзуан ісі: МИБ төрайымын қолдаушылар петиция жариялады

Астанадағы мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязованы қолдауға арналған петиция жарияланды. Ол көпқабатты үйдің қабырғасынан кондиционер құлап, фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына байланысты іс бойынша сотта сотталушы ретінде жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Петиция Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жолданған.

«МИБ төрайымы автоматты түрде кінәлі болмауға тиіс»

Петиция авторлары нақты қылмыстық іске араласуды немесе кінәсі дәлелденген адамдарды жауапкершіліктен босатуды талап етпейтінін атап өтті. Олардың негізгі талабы – көпқабатты үйлердің техникалық жағдайына жауапты тараптардың міндетін заң жүзінде нақты ажырату. Үндеу авторларының айтуынша, МИБ төрағасы үйдің ортақ мүлкін басқарады. Алайда ол ғимараттың құрылысын жүргізген мердігер, жобалаушы, құрылыс материалдарын өндіруші немесе үйді пайдалануға берген құрылыс компаниясы емес.

Соған қарамастан, қазіргі жағдайда МИБ басшысына үйдің қасбеті, шатыры мен балкондарының бұзылуынан бастап инженерлік жүйелердегі апаттарға дейінгі жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Бұған тұрғындардың өздері орнатқан кондиционерлер мен басқа да құрылымдардың құлауы, сондай-ақ арнайы техникалық сараптамасыз анықтау мүмкін емес жасырын ақаулар да кіреді.

«Жауапкершілікті салдарға әкелген нақты әрекеті немесе әрекетсіздігі дәлелденген адам көтеруге тиіс. МИБ төрағасы бірлестікті басқарғаны үшін ғана автоматты түрде кінәлі болмауы керек. Жауапкершілік нақты ажыратылмаса, азаматтар МИБ төрағасы болудан бас тартады, ал миллиондаған тұрғынның қауіпсіздігі шешілмеген мәселе күйінде қалады», – делінген петицияда.

Авторлар МИБ, пәтер иелері, басқарушы компаниялар, құрылыс салушылар, жобалаушылар, мердігерлер және өзге де тараптар арасындағы жауапкершілік заңда анық жазылуға тиіс деп есептейді.

Сәуле Жұбаниязова үйді қай кезден бастап басқарған

Петицияда Сәуле Жұбаниязованың МИБ төрайымы болып 2025 жылғы 30 сәуірде сайланғаны айтылған. Ол қызметіне 15 мамырда, қайғылы оқиғадан шамамен алты ай бұрын кіріскен.

Үндеу авторларының мәліметінше, үйді басқару ісі тапсырылған кезде оған ғимараттың техникалық құжаттары мен бұған дейін жүргізілген тексерулердің материалдары берілмеген.

«Ұсынылған техникалық қорытындыға сәйкес, қаптама бекітпесінен анықталған ақау конструкциялық сипатта болған және құрылыс пен монтаждау кезінде пайда болған», – дейді петиция авторлары.

Олардың пікірінше, Сәуле Жұбаниязованың ісі бір адамның ғана тағдырына қатысты мәселе емес. Бұл жағдай Қазақстандағы кез келген МИБ төрағасының өзіне дейін салынған үйдің жасырын құрылыс ақаулары үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін көрсетті.

Back to top button