Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі ауысты
Бұрын бұл қызметті атқарған Ерлан Жетібаев басқа қызметке кетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы Ерлан Жетібаев желідегі парақшасында хабарлады.
“Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы және Министрліктің ресми өкілі қызметтерін қоса атқарғаным баршаңызға мәлім. Бүгіннен бастап сыртқы саяси ведомствоның ресми өкілі қызметіне тәжірибелі дипломат және коммуникациялар саласының маманы, әріптесім Жанболат Үсенов кіріседі. Өз кезегімде мен ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы ретінде назарымды сыртқы ақпараттық жұмысқа және елімізді шетелде ілгерілетуге шоғырландырамын. Бүгінде жаһандық ақпараттық орта мағыналар мен нарративтер арасындағы өткір бәсекелестік кеңістігіне айналды. Сыртқы коммуникациялар бағыты еліміздің дауысы халықаралық диалогта естілуі үшін барынша зейін қоюды талап етеді”, – деді ол.
Жетібаев алда көптеген қызықты, күрделі және шын мәнінде маңызды жаңа міндеттер мен жобалар тұрғанын айтып, журналистерге, дипломаттарға және СІМ-нің ресми өкілі ретінде бірге жұмыс істеген азаматтарға алғысын білдірді.