АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен саудадағы уақытша бітім мерзімі аяқталуына санаулы сағаттар қалғанда, қытай импортына жоғары кедендік баж салығын енгізуді тағы да 90 күнге кейінге қалдырды. Дәл осындай қадамды Қытай да АҚШ импортына қатысты жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Трамптың жаңа кейінге қалдыру туралы жарлыққа қол қойғанын алдымен дүйсенбіде америкалық баспасөз Ақ үйдің аты-жөнін атамаған қызметкерлеріне сілтеме жасап хабарлады. Бірнеше сағаттан соң бұл ақпаратты АҚШ президентінің өзі растады.
«Мен Қытайға қатысты баж салығын кейінге қалдыру мерзімін тағы 90 күнге ұзартатын жарлыққа жаңа ғана қол қойдым», — деді Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында.
Трамппен шамамен бір уақытта Қытай да Сауда министрлігі арқылы осындай шешім қабылдағанын мәлімдеді. Министрлік АҚШ импортына салынған 10% деңгейіндегі баж салығы сақталатынын және америкалық тауарларға қатысты кейбір бейтарифтік кедергілерді жеңілдететінін хабарлады.
Ал АҚШ-тың Қытай импортына салынған баж салығы 30% деңгейінде қалады.
Мамырда екі тарап келісімге келген «тарифтік бітімнің» мерзімі Вашингтон уақытымен сейсенбі күні түсте аяқталуы тиіс еді. Егер мерзім ұзартылмаса, АҚШ қытай импортына 145% баж салығын, ал Қытай америкалық импортқа 125% баж салығын енгізуі мүмкін болатын.
Reuters агенттігінің мәліметінше, «қараша айының басына дейін ұзарту – Рождество алдындағы маусымдық импорттың (электроника, киім-кешек, ойыншықтар) артуына төмен тарифпен мүмкіндік береді».
Бұл кейінге қалдыру соңғы сәтте жарияланғанымен, күтпеген шешім болмады. Мамырда тараптар 90 күндік үзіліске келіскеннен бері келіссөздер жалғасып келген. Шілде айының соңында Стокгольмде өткен соңғы кездесуден кейін америкалық делегация Трампқа келіссөздердің сәтті жүріп жатқанын айтып, бітімді ұзартуды ұсынған.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент бірнеше рет атап өткендей, сәуірде жарияланған үш таңбалы тариф мөлшерлемелері іс жүзінде екі ірі сауда әріптесі арасындағы сауда эмбаргосын білдіреді және экономикалық тұрғыда тиімсіз.
Трамптың бірінші президенттік мерзімінде халықаралық экономикалық қатынастар бюросын басқарған Келли Энн Шоу да Reuters-ке берген сұхбатында, Трамп бітімді ұзартуға келіспес бұрын Қытайдан жаңа жеңілдіктер алған болуы мүмкін екенін айтты.
«Трамптың мұны соңғы сәтке дейін созбай жасауы — оның стиліне жат нәрсе», — деді Шоу.
Жексенбі күні Трамп Қытайдан америкалық соя сатып алуды төрт есе арттыруды талап етті. Ал дүйсенбіде «АҚШ Қытаймен өте жақсы қарым-қатынаста» екенін, ал өзінің ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен «өте жақсы байланысы барын» айтып, сояны мүлде сөз етпеді.
Осылайша, Трамп пен Пекин аса жоғары, тіпті бөгеттік деңгейдегі тарифтерді енгізуді кейінге қалдырғанымен, көтеріңкі мөлшерлемелер күшінде қалып отыр. Reuters атап өткендей, олар АҚШ-тың Қытаймен сауда тапшылығын азайта бастаған.
АҚШ Сауда министрлігінің өткен аптада жариялаған дерегінше, маусым айында тапшылық үштен бірге қысқарып, соңғы 21 жылдағы ең төменгі деңгейге — 9,4 млрд долларға түсті. Бұл негізінен америкалық экспорттың Қытайға өсуі есебінен орын алған.
Жылдың алғашқы бес айында Қытайдың АҚШ-қа экспорты мен АҚШ-тың Қытайға экспорты арасындағы айырма өткен жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 22 млрд доллардан астамға азайды. Ал өткен жылы бұл айырма шамамен 300 млрд доллар болған.
BBC экономикалық шолушысы Алексей Калмыков шілдеде жазғандай, «Трамп тарифтер АҚШ-тың сыртқы сауда тапшылығын қысқартады деп сенеді. Бірақ Америка сатып алуды сатудан көп жасайды, өйткені соны қалайды және оған мүмкіндігі бар. АҚШ-қа экспорттан түскен долларды Қытай мен Жапония секілді елдер америкалық активтерге салады, бұл Америкаға шамадан тыс өмір сүруге мүмкіндік беріп келеді — оған жарты ғасырға жуық уақыт болды».